15 метрлік карьер қазып, алтын өндірген тоғыз адам ұсталды

15 метрлік карьер қазып, алтын өндірген тоғыз адам ұсталды
Ашық дереккөз

Абай облысының Жарма ауданында рұқсатсыз алтын өндірген тоғыз адамның заңсыз әрекеті әшкереленді. Олар кен қазу кезінде мыңдаған шаршы метр жердің құнарлы қабатын бүлдірген, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті прокуратураның үйлестіруімен заңсыз кен өндіру схемасының жолын кесті.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жердегі аумақта құрамында алтыны бар кенді ашық әдіспен өндіріп, арнайы құрылғылармен өңдеген. Заңсыз қазылған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан. Ал 4 мың шаршы метрден астам жердің топырақ қабаты бүлінген.

Тексеру барысында тереңдігі 15 метрге жететін карьер табылды. Оқиға орнынан кенді ұсақтап, шаюға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар материал салынған жеті қап, екі металл іздегіш, екі тиегіш пен экскаватор тәркіленді.

Заңсыз өндіріске қатысы бар тоғыз адам анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында жол жөндеу жұмыстары кезінде 115 миллион теңгенің жер қойнауы заңсыз өндірілгені хабарланған еді.