Қазақстанда өндірілмеген медициналық техниканы отандық өнім ретінде сатып, мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келтірді деген күдікті Грузиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокуратура мен ҰҚК мәліметінше, күдікті мемлекеттік медициналық ұйымдардың тендерлеріне қатысу үшін отандық өндіруші мәртебесін заңсыз алған. Ол нақты өндіріс ашпай, медициналық жабдықтардың Қазақстанда жасалатыны туралы мемлекеттік органдарға жалған ақпарат берген.
Нәтижесінде шетелдік бөлшектерден құрастырылған техника мемлекеттік мекемелерге отандық өнім ретінде сатылған.
Халықаралық іздеуде болған азамат биыл наурызда Грузияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілді. Қазір тергеу изоляторында қамауда отыр. Оған 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.