Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

2027 жылдан бастап Қазақстанда кімдердің жәрдемақысы тоқтатылуы мүмкін?

2027 жылдан бастап Қазақстанда кімдердің жәрдемақысы тоқтатылуы мүмкін?
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі, көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін жәрдемақыларды тағайындау мен төлеу тәртібі өзгереді. Жаңа ережеге сәйкес, кейбір отбасылардың әлеуметтік төлемдері уақытша тоқтатылуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі тиісті бұйрыққа 2026 жылғы 30 қазанда қол қойған. Өзгерістердің негізгі бөлігі 2027 жылғы 1 қаңтардан, ал кейбірі 2026 жылғы 18 қарашадан бастап күшіне енеді.

Қандай жағдайда жәрдемақы тоқтатылады?

Жаңа тәртіп бойынша жәрдемақы алатын отбасылардың әл-ауқаты Отбасының цифрлық картасы арқылы тексеріледі.

Егер бала күтімі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін төлем немесе наградталған аналарға арналған жәрдемақы алатын отбасы әл-ауқат деңгейі бойынша А немесе В санатына жатқызылса, төлем келесі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.

Ал отбасының санаты С, D немесе Е деңгейіне өзгерсе, жәрдемақы жаңартылған мәлімет алынғаннан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап автоматты түрде қайта төленеді.

Отбасының әл-ауқаты туралы ақпарат жәрдемақы тағайындау жүйесіне ай сайын жіберіліп отырады.

Жәрдемақы тоқтатылуы мүмкін басқа жағдайлар:

  • алушының банк шотында үш ай немесе одан да көп уақыт бойы шығыс операциялары болмаса;
  • Қазақстаннан тұрақты тұруға шетелге көшіп кетсе;
  • шетел азаматының немесе қандастың құжаттарының жарамдылық мерзімі аяқталса;
  • алушы стационарлық әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінде толық мемлекеттік қамтамасыз етуде болса;
  • бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатса.

Көпбалалы отбасылар үшін тағы бір негіз қарастырылған. Егер балалардың бірі 18 жасқа толса, жәрдемақы тоқтатылуы мүмкін. Алайда ол күндізгі бөлімде білім алуды жалғастырса, төлем 23 жасқа толғанға дейін қайта тағайындалуы мүмкін.

Жәрдемақы төлеуді тоқтатуға себеп болған жағдай жойылып, азаматтың төлем алуға құқығы сақталса, ақша қайта төленеді.

Жәрдемақы рәсімдеу үшін қосымша келісім қажет

Жаңа ережеге сәйкес, өтініш берушілер жеке деректерін жинауға, өңдеуге және тексеруге келісім беруі керек. Оның ішінде банктік құпияға жататын мәліметтер де бар.

Сондай-ақ кредиттік бюродан несие бойынша берешек, ай сайынғы төлемдер мен мерзімі өткен міндеттемелер туралы ақпарат алуға келісім талап етіледі.

Егер өтініш беруші мұндай келісім бермесе, жәрдемақы тағайындау туралы өтініші қабылданбайды.

Құжаттағы қателерді түзетуге мүмкіндік беріледі

2026 жылғы 18 қарашадан бастап құжаттардағы қателерді түзетуге немесе жетіспейтін құжаттарды толықтыруға мүмкіндік беріледі.

Ол үшін өтініш берушіге екі жұмыс күні беріледі. Бұл уақыт мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне қосылмайды.

Егер азамат осы мерзімде кемшіліктерді түзетсе, өтініш берілген бастапқы күн сақталады. Ал белгіленген уақытта түзетпесе, өтінішті қабылдаудан бас тартылады.

Ата-аналар үшін тағы қандай өзгерістер бар?

Бала күтімі бойынша жәрдемақы бала туған күннен бастап бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді. Бала асырап алушылар мен қорғаншылар үшін бөлек шарттар қарастырылған.

Көпбалалы отбасының құрамын анықтағанда туған, асырап алынған, қорғаншылықтағы балалар, сондай-ақ басқа ата-анасының отбасында есепке алынбаған өгей балалар да ескеріледі.

Бұған қоса, баланың туу туралы куәлігі, оқу орнынан анықтама және банк шоты туралы мәліметтер мемлекеттік цифрлық жүйелерде болса, оларды қағаз түрінде қайта тапсыру қажет болмайды.

Бала дүниеге келген кезде ата-аналар тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы мен бала күтімі бойынша төлемді бір кешенді мемлекеттік қызмет аясында қатар рәсімдей алады.

Сондай-ақ азаматтарға жәрдемақыдан өз еркімен бас тарту құқығы беріледі. Кейін қайта өтініш берген жағдайда төлем жаңа өтініш тапсырылған күннен бастап тағайындалады.