Қазақстан халық пен кәсіпкерлік үшін қолайлы мүмкіндіктері бар үздік 50 елдің қатарына қосылып, Best Countries 2026 халықаралық рейтингінде 44-орынға ие болды. Әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау салалары елдің ең жоғары бағаланған бағыттары қатарынан көрінді. Ал жалпы рейтингте Қазақстан 53-орынға тұрақтады.
Рейтингті америкалық U.S. News & World Report басылымы Пенсильвания университетінің Уортон бизнес мектебімен бірлесіп әзірлеген. Зерттеу 100 мемлекетті қамтып, олар сегіз бағыт және 100 көрсеткіш бойынша бағаланған.
Биыл рейтингті құрастырушылар бағалау әдістемесін өзгертті. Бұрынғыдай елдер туралы қоғамдық пікірге негізделген сауалнамалардың орнына халықаралық ұйымдардың статистикалық деректеріне басымдық берілді.
Қазақстан ең жоғары бағаланған бағыттар бойынша
Қазақстан ең жоғары көрсеткішке «Мүмкіндіктер» санатында қол жеткізді. Бұл бағыт кәсіпкерлікке қолайлы жағдай, жұмыспен қамту, білім беру, әлеуметтік қорғау, салық жүктемесі және қаржы ресурстарына қолжетімділік сияқты өлшемдерді қамтиды.
Аталған санатта Қазақстан 53,9 балл жинап, 44-орынға орналасты.
Әсіресе әлеуметтік қорғау жүйесіне берілген баға жоғары – 100 балдың 94,1-і. Жеке табыс салығы көрсеткіші 80,2 балды, ал халықтың білім жетістіктері 71,8 балды құрады.
Бұл көрсеткіштер рейтинг әдістемесіне сәйкес берілген бағаларды білдіреді. Мысалы, әлеуметтік қорғау бойынша 94,1 балл жинау мемлекеттік бағдарламалар ел халқының дәл 94,1 пайызын қамтиды дегенді білдірмейді.
Рейтингте Қазақстанның білім беру саласына қатысты тағы бір көрсеткіш келтірілген. Елдегі оқудың орташа ұзақтығы 12,5 жылды құрайды.
Денсаулық сақтау мен инфрақұрылым да үздік бағыттар қатарында
Денсаулық сақтау санатында Қазақстан 64,2 балл жинап, 50-орынға ие болды.
Зерттеушілер бұл бағытты бағалау кезінде медициналық көмектің қолжетімділігін, өмір сүру ұзақтығын, дәрігерлермен қамтамасыз етілу деңгейін, вакцинацияны, медициналық инфрақұрылымның жай-күйін және басқа да көрсеткіштерді ескерген.
Рейтинг деректеріне сәйкес, Қазақстанда әр мың тұрғынға шаққанда 3,8 дәрігерден келеді. Ал күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 74,4 жыл.
Инфрақұрылым санатында еліміз 64 балмен 54-орынға тұрақтады.
Бұл бағытта электр энергиясының қолжетімділігі, көлік желілерінің сапасы, интернет, сумен жабдықтау, санитарлық жағдай және энергетикалық жүйенің тұрақтылығы ескеріледі.
Қазақстанның рейтингтегі профилінде халықтың 97,9 пайызы базалық санитарлық жағдайларға қол жеткізе алатыны, ал кеңжолақты интернеттің орташа жылдамдығы секундына 88,1 мегабитті құрайтыны көрсетілген.
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында Өзбекстаннан озық
Best Countries 2026 жалпы рейтингінде Қазақстан 53,8 балл жинап, 100 елдің ішінде 53-орынға орналасты.
Ал Өзбекстан 46,8 балмен 76-орынға тұрақтады. Осылайша, екі елдің көрсеткіштері арасында 23 орын айырмашылық бар.
Айта кетейік, жалпы рейтинг экономикалық даму мен денсаулық сақтаудан бастап, мемлекеттік басқару, инфрақұрылым және қоғамдық әл-ауқатқа дейінгі көптеген көрсеткішті қамтиды.
Биылғы рейтингтің бұрынғы нәтижелерден айырмашылығы неде?
Best Countries рейтингі 2016 жылдан бері жарияланып келеді. Алайда 2026 жылы оны бағалау әдістемесі едәуір өзгертілді.
Зерттеу аясында 30-дан астам ұйым мен дереккөздің статистикалық мәліметтері жинақталған. Олардың қатарында Дүниежүзілік банк, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдары және Халықаралық еңбек ұйымы бар.
Көрсеткіштер сегіз бағытқа бөлініп, әр санаттың маңыздылығы халықаралық сарапшылардың қатысуымен анықталған.
Жаңа әдістемеге байланысты 2026 жылғы нәтижелерді рейтингтің бұған дейінгі шығарылымдарымен тікелей салыстыру дұрыс емес.
Қазақстан үшін биылғы рейтингтегі ең елеулі нәтиже – мүмкіндіктер санатында 44-орынға ие болуы. Бұл бағытта еліміз әлемдік рейтингтің алғашқы жартысына енсе, жалпы көрсеткіш бойынша Орталық Азиядағы тағы бір мемлекет – Өзбекстаннан озып тұр.