Қазақстанда 30 млн теңгелік пәтер алу үшін қанша жалақы керек?

Қазақстанда 30 млн теңгелік пәтер алу үшін қанша жалақы керек?
Ашық дереккөзден

Қазақстанда құны 30 миллион теңге болатын пәтерді ипотекаға алу үшін ай сайын кемінде 700 мың теңге табыс қажет. Ал Отбасы банкте бұл көрсеткіш 306 мың теңгеден басталады. Алайда екі жағдайда да несие рәсімдеу талаптары әртүрлі, деп хабарлайды ult.kz.

Krisha.kz мәліметінше, банктер қарыз алушының соңғы алты айдағы ресми жалақысы мен зейнетақы аударымдарын тексереді. Жалпы ереже бойынша, барлық несиеге төленетін ай сайынғы сома табыстың 50 пайызынан аспауы керек.

Мәселен, екінші деңгейлі банктерден 30 миллион теңгелік пәтер алу үшін бастапқы жарнаға 4,5-6 миллион теңге қажет. Қалған соманы несиеге рәсімдеген жағдайда айлық жалақы 700-950 мың теңге болуы тиіс.

Ал Отбасы банкте бастапқы жарна ретінде пәтер құнының 50 пайызын, яғни 15 миллион теңге жинау керек. Оның есесіне пайыздық мөлшерлеме төмен болғандықтан, ай сайынғы төлем де азаяды.

Бұдан бөлек, ипотека рәсімдеу, пәтерді бағалау, нотариус және сақтандыру қызметтеріне шамамен 300 мың теңге қарастырған жөн.

Мамандар ипотека аларда ай сайынғы төлеммен қатар, отбасының күнделікті шығындары мен күтпеген жағдайларға қалатын қаражатын да есептеуге кеңес береді.