Алматының Бостандық ауданында кәсіпкерлердің қолдауымен қоғамдық кеңістіктер жаңарып, қараусыз қалған аумақтар саябақтар мен демалыс орындарына айналып келеді. 2026 жылы әкімдік пен бизнес өкілдерінің әлеуметтік әріптестігі аясында 27 жоба қолға алынған. Оның 13-і аяқталып, 14-і жүзеге асырылып жатыр. Жобаларға тартылған жеке инвестиция көлемі 2,8 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл бастамалардың басты ерекшелігі – қоғамдық инфрақұрылымды жаңартуға бюджеттен тыс қаражат тартылуы. Кәсіпкерлердің қаржысына балалар алаңдары салынып, аллеялар, скверлер мен жаяу жүргіншілер жолдары абаттандырылуда.
Аудан әкімі Азамат Қалдыбековтің айтуынша, жобалар тұрғындардың сұранысы мен кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін ескере отырып әзірленген.
«Біз қала әкімінің мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жөніндегі бастамасын қолдап, кәсіпкерлермен бірге жобалар тізімін жасадық. Қазір осындай 27 жоба жүзеге асырылып жатыр. Мұнда тұрғындардың сұранысы, бизнестің мүмкіндігі және әкімдіктің ұйымдастыру жұмыстары ескерілді», – деді ол.
Қараусыз аумақтан Shuaq аллеясына дейін
Аудандағы ірі жобалардың бірі – бұрын қоқыс жиналып, қараусыз қалған аумақта бой көтерген «Shuaq» аллеясы. Жобаға «DAC City LTD» компаниясы 350 миллион теңгеден астам қаржы бөлген.
Аумағы абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолы, балалар және спорт алаңдары, субұрқақ, орындықтар мен жарықтандыру жүйесі орнатылған. Сонымен қатар 12 мыңнан астам бұта мен ірі көшет отырғызылған.
Аудан әкімі Азамат Қалдыбековтің сөзінше, бұл аумақты абаттандыру қажеттігін жақын маңдағы тұрғындар бірнеше рет көтерген.
«Біз қолданыстағы жасыл желекті сақтап, екі көшені байланыстыратын толыққанды жаяу жүргіншілер кеңістігін жасағымыз келді. Алдағы уақытта аллеяны Серкебаев көшесінен Радостовец көшесіне дейін жалғастырып, Розыбакиев көшесіне шығаруды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Тұрғын Сауле Ткенбаева бұрын бұл жердің қараусыз жатқанын, қоқыс көп болғанын айтады. Оның пікірінше, жаңа аллея жақын маңдағы тұрғындар үшін маңызды демалыс орнына айналған.
«Бізді естіді, жарты жылдың ішінде бәрі өзгерді. Аудан әкімдігіне тұрғындар үшін осындай пайдалы әрі әдемі орындар жасап жатқанына алғыс айтамыз», – дейді ол.
Инклюзивті ортаға басымдық
Аудандағы тағы бір маңызды жоба – Серкебаев көшесі, 83-үйдегі инклюзивті балалар алаңы. Оған «Болашақ Құрылыс S» компаниясы 58 миллион теңге инвестиция салған.
Аумағы 450 шаршы метр болатын алаң «Шапағат» әлеуметтік қызметтер орталығының жанында орналасқан. Мұнда қозғалысы шектеулі балаларға арналған пандустар, кең өткелдер, тактильді панельдер мен арнайы ойын жабдықтары қарастырылған.
«Алаңның ерекшелігі – мұнда мүгедектер арбасымен қозғалатын балалар да өздігінен ойнай алады. Бала өзгелердің ойынын сырттай бақылап қана отырмай, ойынға өзі де қатысады», – дейді орталық тәрбиеленушілерінің ата-анасы Анар Нұрсейітова.
Бұл жоба қалалық ортаны абаттандыруда инклюзия мәселесінің де ескеріле бастағанын көрсетеді. Өйткені қоғамдық кеңістік барлық балаға бірдей қолжетімді болуы керек.
Қалалық кеңістік бірыңғай стандартқа көшуде
Бостандық ауданында Байқадамов, Сәтпаев көшелерінде және Назарбаев даңғылы бойында да абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Байқадамов көшесінің бір бөлігін жаңартуға «Жан Сай Групп» компаниясы 126 миллион теңге бөлген. Мұнда тротуарлар жаңартылып, жарықтандыру және автоматты суару жүйелері орнатылған.
Ал Сәтпаев көшесінің Әуезов пен Жароков көшелерінің арасындағы бөлігін жаңартуға 175 миллион теңге жұмсалған. Жұмыс барысында жаяу жүргіншілер жолы, арық жүйесі мен қоршаулар ретке келтіріліп, тактильді тақталар төселген.
Аудан әкімінің орынбасары Мирас Зейнолдиннің айтуынша, барлық жұмыс Алматының бірыңғай дизайн-кодына сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл көше инфрақұрылымының бірізді әрі үйлесімді болуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Абай даңғылы бойындағы сквер мен Назарбаев даңғылы маңындағы 1,5 гектар аумақ та жаңартылған. Жобалар аясында жасыл желек сақталып, серуен жолдары, орындықтар мен жарықтандыру жүйелері орнатылған.
Абай даңғылы бойындағы скверді жаңартқан «СК ALMATY TAU» компаниясының бас директоры Александр Московкиннің айтуынша, жобада Алматының бірыңғай дизайн-коды ескеріліп, құрылыс материалдарының сапасына басымдық берілген.
«Жарықтандыру тіректері, брусчатка, орындықтар мен шағын сәулеттік нысандар бір стильде жасалды. Материал таңдағанда бетонның беріктігі мен төсемтастардың сапасына ерекше назар аудардық. Сонымен қатар жасыл желекті сақтау үшін автоматты суару жүйесі қарастырылды», – деді ол.
Әлеуметтік жауапкершілік нысан салумен аяқталмайды
Бизнес пен әкімдік арасындағы әріптестік қалалық инфрақұрылымды дамытуға қосымша мүмкіндік беретіні анық. Алайда мұндай жобалардың тиімділігін тек инвестиция көлемімен немесе ашылған нысандар санымен бағалау жеткіліксіз.
Ең алдымен, қоғамдық кеңістіктер тұрғындардың нақты сұранысына сай болуы керек. Екіншіден, олар балаларға, қарттарға және қозғалысы шектеулі азаматтарға қолжетімді болғаны маңызды. Үшіншіден, салынған нысандардың тазалығы, қауіпсіздігі мен жасыл желектің күтімі тұрақты қамтамасыз етілуі қажет.
Аудан әкімі Азамат Қалдыбеков кәсіпкерлермен бірлескен жұмыстың жалғасатынын айтты.
«Әр жобаның артында жай ғана абаттандырылған аумақ емес, тұрғындардың серуендеуіне, демалуына, спортпен айналысуына және араласуына арналған жаңа мүмкіндік тұр. Кәсіпкерлердің әлеуметтік маңызы бар жобаларға өз қаражатын бағыттауы – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі», – деді ол.
Бостандық ауданындағы тәжірибе бизнестің қала өміріне қосатын үлесі тек салық төлеумен шектелмейтінін көрсетеді. Дегенмен қараусыз жатқан жерді саябаққа айналдыру – жұмыстың басы ғана. Оның жылдар бойы таза, қауіпсіз әрі қолжетімді күйде сақталуы қалалық басқару мен әлеуметтік жауапкершіліктің шынайы көрсеткіші болмақ.