Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында 4,5%-ға өсті. Экономикалық өсімге негізінен шикізаттық емес сектор үлес қосқан. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және көлік салаларында оң динамика байқалады, деп хабарлайды ult.kz.
Экономикалық өсім жеделдеді
Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 10 айдағы ЖІӨ өсімі тоғыз айдың қорытындысымен салыстырғанда 0,3 пайыздық тармаққа жоғары. Ал шикізаттық емес сектор 5,6%-ға өскен.
Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 3,5%-ға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тоғыз айдағы 8,6%-дан 9,3%-ға дейін жетті.
Өңдеу өнеркәсібінде қай сала алда?
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім бірнеше бағытта байқалған. Ең жоғары көрсеткіш фармацевтика саласында тіркелді.
Атап айтқанда:
- фармацевтика – 50,9%;
- дайын металл бұйымдарын өндіру – 30,4%;
- машина жасау – 22,2%;
- химия өнеркәсібі – 21,9%;
- резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру – 18,1%;
- тамақ өнімдерін өндіру – 13%;
- құрылыс материалдарын өндіру – 5,4%.
Басқа салалардағы көрсеткіш қандай?
Құрылыс саласы 13,1%-ға өсіп, экономиканың жоғары өсім көрсеткен бағыттарының бірі болды. Сонымен қатар көлік және қойма саласында 7,5%, саудада 6,2%, ауыл шаруашылығында 5,2%, байланыс саласында 4,9% өсім тіркелді.
Осылайша, 2026 жылдың алғашқы 10 айында Қазақстан экономикасының өсімі негізінен шикізаттық емес сектор мен өңдеу өнеркәсібінің есебінен қамтамасыз етілген.