Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Нота білмейтін мені әнші еткен – әйелім": Қуаныш Құрманбаев жұбайының қолдауын айтты

"Нота білмейтін мені әнші еткен – әйелім": Қуаныш Құрманбаев жұбайының қолдауын айтты
Фото-коллаж: ult.kz

Танымал өнер иелері Қуаныш Құрманбаев пен Қарлығаш Сұлтанша "Таңшолпан" бағдарламасына берген сұхбатында отбасылық өмірі мен шығармашылық жолдары туралы сыр шертті. Композитор өзін әншілікке баулып, кейін ұстаздық жолға түсуіне де себепші болған жұбайы екенін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

20 жылдан астам уақыт тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан өнерлі жұп бүгінде үш қыз бен үш ұл тәрбиелеп отыр. Бағдарлама барысында ерлі-зайыптылар алғаш қалай танысқандарын және өнер жолындағы жетістіктеріне қалай жеткендерін әңгімеледі.

Қарлығаш Сұлтаншаның айтуынша, екеуінің таныстығы ән жаздырудан басталған. Сол кезде ол Қуанышқа композитор ретінде жолығып, "ағай" деп құрмет көрсеткен екен.

"Қуанышқа "ағай" деп ән жазуға барып, танысқанбыз. Сол кездегі ағай әлі күнге дейін өнерде "ағайым" болып келе жатыр", – деді Қарлығаш Сұлтанша.

Ал Қуаныш Құрманбаев өнер жолында 26 жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, бастапқыда ол ән айтудан гөрі, ән өңдеумен айналысқан. Кейін жұбайы оның бойындағы қабілетті байқап, сахнаға шығуына түрткі болған.

"Мен негізі басында тек әндерді өңдеумен айналысатынмын. Кейін Қарлығаш мені әнші қылған. Өзің сахнаға шық деп идея берді. Мен оқымағанмын, нота танымаймын. Бірақ Құдайдың берген дарыны бар. Сол қабілетімді дамыта бердім", – деді өнер иесі.

Композитордың айтуынша, Қарлығаш Сұлтанша оның тек әншілік қырын ашып қоймай, кейінгі жылдары ұстаздықпен айналысуына да ықпал еткен.

Ерлі-зайыптылар 2023 жылы Америкаға барып, білімдерін жетілдірген. Сол сапар барысында шағын дуэт кешін өткізіп, шығармашылыққа қатысты жаңа жоспарлар құрған.

"Өнерде еңбек етіп келе жатқаныма 26 жыл болды. Қуаныш Құрманбаев деген композитор, аранжировщик жігітті әнші қылған Қарлығаш негізі. Біз 2023 жылы Америкаға барып, білімімізді арттырып, сол жерде дуэттің кішігірім кешін бердік. Сол кезде Қарлығаш идея тастады. Өнерде өзін, стилін таппай жүрген жас әншілерге жолын көрсететін уақытың келді. Осы бойынша қызмет жасайық деп, мені ұстаздыққа сүйреп алып келді", – деп күлді әнші.

Жұбайының бұл ұсынысын қолдаған Қуаныш Құрманбаев бүгінде жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, шәкірт тәрбиелеп жүр. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 30-дан астам жас әншіге тәлім берген. Ал Қарлығаш Сұлтанша жолдасының ұстаздық қабілетін көпшілікке танытуға да өзі бастамашы болғанын жасырмады.

"Сен айтпасаң, сенің бұл жолда екеніңді ешкім білмейді деп Instagram-ға бірден түсіріп салдық", – деді ол.

Осылайша, Қуаныш Құрманбаев әншілікке де, ұстаздыққа да келуіне жұбайы Қарлығаш Сұлтаншаның үлкен ықпал еткенін жеткізді. Өнерлі жұп бүгінде отбасылық өмір мен шығармашылықты қатар алып жүріп, жас таланттардың өнерге қадам басуына көмектесіп келеді.

"Қуаныш пен Қарлығаш" дуэті

"Қуаныш пен Қарлығаш" – қазақ эстрадасындағы танымал отбасылық дуэт. Өнерлі жұптың құрамында композитор, ән өңдеуші Қуаныш Құрманбаев пен әнші Қарлығаш Сұлтанша бар. Олар "Сыңарым", "Сен барда", "Анама" секілді әндерімен көпшілікке танылған. 

Қуаныш Құрманбаев ән жазумен және өңдеумен айналысып қана қоймай, жас өнерпаздарды тәрбиелеуге де үлес қосып келеді. Оның жетекшілігімен ашылған өнер студиясында балалар ән айтып, түрлі шығармашылық байқауларға қатысқан.

Ерлі-зайыптылар 20 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, бүгінде алты бала тәрбиелеп отыр. Өнер мен отбасылық өмірді қатар алып жүрген жұп телебағдарламаларда шығармашылық жолдары мен шаңырақтағы қызықты оқиғаларын жиі бөліседі.