Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасының жаңа ғимараты бой көтереді. Құрылысқа Инфрақұрылымды дамыту қорынан 5,9 млрд теңге бөлінді. Оның 800 млн теңгеге жуығы медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсалады, деп хабарлайды ult.kz.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердегі денсаулық сақтау нысандарын салу және жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Қазір облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы Петропавлдағы 22 бригаданың және ауылдық жерлердегі 14 бөлімшенің жұмысын үйлестіреді. Олар 510 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Әр бригада тәулігіне орта есеппен 16 шақыртуға шығады. Жыл сайынғы шақыртулар саны 100 мыңнан асады.
Жаңа кешенде не болады?
Аумағы 1,5 гектар болатын кешеннің құрамына төрт қабатты ғимарат, цифрлық диспетчерлік қызмет, симуляциялық орталық, 20 санитариялық көлікке арналған жылы гараж, көлік жуу орны және жөндеу шеберханасы кіреді.
Сонымен қатар арнайы техника, медициналық құрал-жабдықтар мен дәрілік заттарды сақтауға арналған бөлмелер қарастырылады. Препараттарды қажетті температурада ұстау үшін «суық тізбек» жабдықтарына да ерекше көңіл бөлінбек.
Құрылыс жұмыстарын 2027 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған.
Жаңа станса іске қосылған соң шұғыл шақыртуларға жету уақытын қысқартып, медициналық көмектің жеделдігін арттыру көзделіп отыр. Ал цифрлық диспетчерлік бөлме қоңырауларды жылдам өңдеп, шақыртулардың басымдығын анықтауға және бригадаларды тиімді бағыттауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл Қазақстанда 50-ге жуық денсаулық сақтау нысанын салуға 108 млрд теңге бөлінген. Олардың қатарында Қызылорда мен Өскемендегі көпсалалы ауруханалар, Атырау облысындағы емханалар, Бескөл мен Талдықорғандағы амбулаториялық кешендер бар. Өскеменде заманауи Гематология орталығы да пайдалануға берілді.