Копенгаген университетінің ғалымдары кофені тұрақты тұтыну ас қорыту жүйесіне, әсіресе ішектің қозғалысына әсер етуі мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижесі кофе ішетін адамдардың ішек микробиомындағы бактериялардың алуандығы жоғары болатынын да көрсетті, деп хабарлайды ult.kz Euronews.com сайтына сілтеме жасап.
Зерттеу нәтижелері ішек микробиологиясына арналған Gut Microbiology журналында жарияланған.
Ғалымдар зерттеуге Данияда тұратын 61 дені сау ересек адамды қатыстырған. Олар қатысушыларды кофе ішу жиілігіне қарай екі топқа бөлген. Бірінші топқа зерттеу кезеңінде сегіз күннің кемінде үш күнінде күніне 1-5 шыныаяқ кофе ішкен адамдар кірсе, екінші топқа кофені сирек тұтынатындар енгізілген.
Зерттеу барысында қатысушылар шағын электронды капсуланы жұтқан. Құрылғы ас қорыту жолынан өту кезінде ішектің қышқылдық деңгейін, температурасын, тағам қалдықтарының қозғалу уақытын және ішек жиырылуын өлшеген.
Нәтижесінде кофені тұрақты ішетін адамдардың ішек микробиомындағы микроорганизмдер алуандығы жоғары екені байқалған. Сонымен қатар олардың аш ішегіндегі қышқылдық деңгейі төмен, ал тоқ ішегінің жиырылуы жиірек болған.
Ғалымдардың айтуынша, тоқ ішектің жиырылуы ас қорыту процесіне қатысып, ішек құрамының қозғалуына көмектеседі. Бұл ішектің қалыпты жұмысын сақтауға және іш қатудың алдын алуға ықпал етуі мүмкін.
Зерттеудің негізгі авторы, Копенгаген университетінің зерттеушісі Франческа Буччидің айтуынша, кофе ішектің физиологиялық қызметіне әсер етуі ықтимал. Алайда аш ішектегі қышқылдық деңгейінің төмендеуі адам денсаулығына пайдалы ма, әлде кері әсері бар ма – әзірге белгісіз.
Зерттеушілер бұл жұмыс кофенің аталған өзгерістерге тікелей себеп болатынын дәлелдемейтінін ескертеді. Өйткені зерттеу қатысушылардың бұрыннан қалыптасқан кофе ішу әдеттерін салыстыру арқылы жүргізілген.
Ғалымдар келесі кезеңде қатысушылар тұтынатын кофе мөлшерін арнайы бақылап, оның ішек жұмысына әсерін тереңірек зерттеуді жоспарлап отыр.