Танымал әнші әрі композитор Нұрлан Еспанов өнер саласында ұзақ жыл еңбек етсе де, әлі күнге дейін мемлекеттік атақ алмағанына қынжылатынын жеткізді. Өнер иесі өзінен әлдеқайда жас әріптестерінің марапат алып жатқанын айтып, бұл мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

53 жастағы әнші шығармашылық жолында 200-ден астам ән жазғанын айтты. Олардың арасында балаларға арналған танымал туындылар мен мультфильм әндері де бар. Алайда осынша еңбек сіңірсе де, әлі күнге дейін "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болмағанын жеткізді.
"Нұреке, 53-ке келдіңіз ғой дейді. Мен атаққа кешіккен адаммын деймін. 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін қазір балалар менің әніммен оқып жатыр. "Әліппе кішкентай қайық", "Қос қарлығаш" барлығын мен жазғанмын. Оның бәрін айта берсем, жылап жібересіздер. "Қошқар мен теке" мультфильміндегі барлық әнді мен жазғанмын. Мен "Еңбек сіңірген" атағын алған жоқпын. Оны алу үшін не істеу керек деп ойланамын. Балалар сен өлуің керек ол үшін дейді. Қоржында 200-ден астам ән бар. Менен 30 жас кішілер атақ алып жатыр", – деді Нұрлан Еспанов.
Әншінің бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бірқатар оқырман оның қазақ өнеріне, әсіресе балалар шығармашылығына қосқан үлесі еленуі керек деп есептейді.
"Әр сөздің жаны бар. Өзі үшін емес, қоғам үшін, ұрпақ үшін еңбектеніп жүрген Нұрлан Еспановтай азаматтарымызға еңбек сіңірген әртіс атағын беру керек", "Әлішер Кәрімовке не үшін марапат бергені мен үшін әлі түсініксіз", "Нұрланға қосыламын. Бұл жағдай барлық салада да бар", – деп жазды желі қолданушылары.
Дегенмен әншінің пікірін қолдамағандар да табылды. Кейбір оқырман өнер адамдарының мемлекеттік марапатқа ерекше мән беруін сынға алып, "Бұлар неге соншама атаққұмар?" деген пікір қалдырған.
Осылайша Нұрлан Еспановтың мәлімдемесі өнер адамдарына мемлекеттік атақ беру мәселесін қайтадан талқыға шығарды. Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді: бірі әншінің еңбегі лайықты бағалануы керек десе, енді бірі шығармашылық жетістікті атақпен өлшеуге болмайтынын алға тартты.
Нұрлан Еспанов кім?
Нұрлан Еспанов – қазақстандық әнші, композитор және шоумен. Ол 1973 жылы 29 наурызда Түркістан облысының Арыс қаласында дүниеге келген.
1998 жылы "Арай" жас орындаушылар байқауының лауреаты атанып, 1999 жылы "Жас қанат" республикалық байқауында "Алтын тұлпар" арнайы сыйлығын иеленген.
Оның "Достарым", "Кездер-ай", "Қос қарлығаш", "Жан әке", "Қыздар-ай" және "Сұлу қыз" сияқты әндері көпшілікке белгілі.
Композитор "Қошқар мен теке", "Қанатты барыс", "Ертегілер елінде" мультфильмдеріне де музыка жазған.
Нұрлан Еспанов балаларға арналған әндер шығарумен қатар, қазақ эстрадасының белгілі орындаушыларымен шығармашылық байланыста жұмыс істеген. Өнер иесі 2017 жылы "Қазақстан" ұлттық арнасының "Сазгер" бағдарламасында шығармашылық жолы мен әндерінің жазылу тарихы туралы әңгімелеген.