Қазақстандық шоу-бизнес өкілдерінің арасында қоғамдық тәртіпті бұзғаны, полиция талабына бағынбағаны үшін сот алдында жауап бергендер бар, деп хабарлайды ult.kz.
Қайрат Нұртас
2024 жылғы шілдеде Қайрат Нұртастың Алматыдан Астанаға ұшып бара жатқан ұшақта жанжалдасқаны белгілі болды. Оқиғадан кейін әншіге қатысты әкімшілік іс қаралды.

5 шілдеде Астананың әкімшілік соты оны бір жыл ішінде қайталап ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады. Ал денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қатысты іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.
Әншінің қорғаушысы сот қаулысына шағымданғанымен, 9 шілдеде апелляциялық саты шешімді өзгеріссіз қалдырды. Осылайша қамау туралы қаулы заңды күшіне енді.
Төреғали Төреәлі
Төреғали Төреәлінің полициямен болған оқиғасы 2023 жылы қоғамда кең талқыланды. Сол жылғы 14 маусымда Алматыда тәртіп сақшылары әнші басқарған Lexus көлігін тоқтатқан.
Сот мәліметінше, ол полиция қызметкерлерінің бірнеше рет қойған заңды талабын орындаудан бас тартып, оларға балағат сөз айтқан. Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 378-бабының 1-бөлігі бойынша іс қаралды.

2023 жылғы 22 қыркүйекте Алматының Түрксіб аудандық соты әншіні кінәлі деп танып, 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындаған. Сот хабарламасы жарияланған кезде бұл шешім заңды күшіне енбеген еді. Бұдан бөлек, әнші сол жылғы маусымда көлікті есірткілік масаң күйде басқарғаны үшін 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.
Әбдіжаппар Әлқожа
2024 жылғы 6 шілдеде Әбдіжаппар Әлқожаның полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынғаны хабарланды.

Алматы облыстық полициясының мәліметінше, Қонаевта тәртіп сақшылары жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлік басқарған адамды тоқтатқан. Құжат рәсімделіп жатқан кезде оқиға орнына басқа көлікпен келген Әбдіжаппар Әлқожа полиция жұмысына кедергі келтіріп, қарсылық көрсеткен.
Ведомство медициналық куәландыру нәтижесінде әншінің орташа дәрежеде мас болғаны анықталғанын мәлімдеді. Сот оған полиция талабына бағынбағаны үшін жаза тағайындаған.
Алмас Кішкенбаев
2025 жылғы 5 ақпанда Алматыда Алмас Кішкенбаевқа қатысты әкімшілік істің қаралғаны белгілі болды. Сот отырысы жабық өткен.

Сот хабарламасына сәйкес, әнші мас күйінде жеке тұлғаға зәбірлеп тиісіп, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзған. Отырыста ол оқиғаның мән-жайы есінде жоқ екенін айтқан.
Сот Алмас Кішкенбаевты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамауға алу жазасын тағайындады. Ақпарат жарияланған сәтте қаулы заңды күшіне енбеген.
Бейбіт Қорған
2025 жылғы қыркүйекте Бейбіт Қорған Алматы–Атырау рейсіндегі тәртіпсіздікке байланысты жауапқа тартылды.

Көлік полициясының мәліметінше, әнші мас күйінде балағат сөз айтып, әуе компаниясы қызметкерлерінің талаптарын орындамаған. Атырау әуежайында оны полиция қызметкерлері ұстаған.
“Ақ Жайық” басылымының облыстық соттың баспасөз қызметіне сүйенген хабарында әншінің ұсақ бұзақылық жасағаны және полицияның заңды талаптарына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылғаны жазылған. Оған жалпы 196 600 теңге әкімшілік айыппұл салынған. Сот жаза тағайындағанда оның кінәсін мойындап, өкініш білдіргенін ескерген.