Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Мұғалімдердің құқығын қорғау: Қазақстанда бірыңғай қолдау телефоны іске қосылады

Мұғалімдердің құқығын қорғау: Қазақстанда бірыңғай қолдау телефоны іске қосылады
ашық дереккөзден

Қазақстанда педагогтерге кәсіби және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беретін бірыңғай қолдау телефонын іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысының педагогтердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынған.

Министрдің сөзінше, елордадағы iKomek қызметінің тәжірибесі негізінде мұғалімдерге арналған арнайы байланыс орталығы құрылады. Ол арқылы педагогтер кәсіби қызметіне қатысты және құқықтық мәселелер бойынша мамандардан кеңес ала алады.

«Астанадағы iKomek қызметінің үлгісі бойынша колл-орталық іске қосуды жоспарлап отырмыз. Әрбір мұғалім қоңырау шалып, кәсіби және құқықтық мәселелер бойынша кеңес ала алады. Бұл жұмысты 2026 жылдың соңында – 2027 жылдың басында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Жаңа қызмет педагогтердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, кәсіби мәселелерін жедел шешуге және олардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған.