Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Желі қолданушысы Димаш Құдайбергенге шүйлікті

Желі қолданушысы Димаш Құдайбергенге шүйлікті
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген әлеуметтік желіде сынға қалды, деп хабарлайды ult.kz.

TikTok желісінде Malikagulshat89 есімімен тіркелген әйел өнер иесінің шетелдегі шығармашылығына наразылық білдіріп, оған қазақ халқына қызмет ету керектігін айтты. 

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада әйел Димаш Құдайбергеннің өнер жолына қатысты пікірін ашық жеткізген. Ол әншінің шетелде өнер көрсетуін сынға алып, елге өнер адамдарынан гөрі әскери қызметкерлер қажет екенін айтқан.

“Қазаққа қызмет ет, Қытайға емес. Тоқаевтың қасында жүріп, опера айтып жүрсің. Біздің елде опера айтатын операшы емес, әскерлер керек”, – дейді әйел бейнежазбада.

Оның сөзінен Димаштың халықаралық сахнадағы қызметіне көңілі толмайтынын аңғаруға болады. Әйел өнер иесінің шетелде танымал болуынан бұрын Қазақстанға пайдасын тигізуі маңызды деген ұстанымын білдірген.

Айта кетейік, Димаш Мексикадағы муралды көріп, әсерін бөлісті.

Димаш Құдайберген кім?

Димаш Құдайберген – қазақстандық әнші, композитор, халықаралық деңгейде танылған өнер иесі. Ол 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Толық аты-жөні – Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген.

Әнші өнерлі отбасында тәрбиеленген. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Светлана Айтбаева да музыка саласында еңбек етеді. Димаш бала кезінен ән айтып, музыкалық білім алған. Кейін Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде және Қазақ ұлттық өнер университетінде білімін жалғастырған.

Ол 2015 жылы Беларусь елінде өткен “Славян базары” халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Ал 2017 жылы Қытайдағы Singer музыкалық жобасына қатысып, екінші орын иеленді. Осы байқаудан кейін оның танымалдығы артып, әлемнің көптеген елінде жанкүйерлері пайда болды.

Димаш Құдайберген кең дауыс диапазонымен және түрлі музыкалық жанрда ән орындау қабілетімен ерекшеленеді. Ол қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз және басқа да тілдерде ән шырқайды. Репертуарында “Ұмытылмас күн”, “Дайдидау”, “Махаббат бер маған”, “SOS d’un terrien en détresse” және “Stranger” секілді танымал шығармалар бар.

Әнші Қытай, АҚШ, Ұлыбритания және басқа да мемлекеттерде концерт беріп, халықаралық музыкалық жобаларға қатысқан. Ол шетелдік сахналарда қазақ тіліндегі әндерді орындап, Қазақстанның мәдениетін таныстырып келеді. Сонымен қатар Димаш Құдайберген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие.