The Wall Street Journal басылымының жазуынша, АҚШ Украинаға Донбасс аумағын берудің орнына НАТО-ға толыққанды мүше болуды ұсыну мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, өткен аптада Дублин маңындағы әскери әуе базасында АҚШ президентінің арнайы өкілі Джаред Кушнер бұл мәселені Еуропа шенеуніктерімен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен талқылаған.
Мұндай ұсыныс Абу-Дабиде өткен үшжақты келіссөздердің соңғы кезеңінде де айтылған. Еуропа елдерінің бірінің басшысы бұл идея тамыз айындағы телефон арқылы келіссөздер кезінде де көтерілгенін жеткізген.
WSJ мәліметінше, Вашингтон қазір екі ықтимал сценарийді талқылап жатыр:
1. Украина өзі бақылауындағы Донбасс аумақтарынан бас тартады. Оның орнына НАТО-ға толыққанды мүше болады.
2. Соғыс қазіргі майдан шебі бойымен тоқтатылады. Ал Украина АҚШ-пен және, мүмкін, Еуропа елдерімен жасалатын халықаралық келісім арқылы қауіпсіздік кепілдіктеріне ие болады.
Алайда Вашингтонның Украинаға НАТО мүшелігін ұсыну нұсқасын қаншалықты байыпты қарастырып отырғаны әзірге белгісіз. Бұған дейін Дональд Трамп Украинаның альянсқа қосылу мүмкіндігін жоққа шығарған. Ал Абу-Дабидегі келіссөздерде Ресей тарапы Киевтен НАТО-ға кіру ниетінен бас тартуды тікелей талап еткен.
Келіссөздерден кейін Джаред Кушнер X әлеуметтік желісінде АҚШ өкілдері «бейбітшілік орнатуға деген шынайы ниетті» байқағанын жазды. Оның айтуынша, Трамп Украинаға біржақты келісім таңғысы келмейді. Кез келген келісім Украина және Еуропамен тығыз консультация жүргізу арқылы жасалады.
Сонымен қатар Берлинде өткен «Тілек білдірушілер коалициясы» кездесуінде соғыстан кейінгі қауіпсіздік кепілдіктері талқыланған. Кушнер Еуропа қауіпсіздігінің негізгі тірегі НАТО болып қала беретінін атап өтті. Ол болашақ келісім аясында НАТО–Ресей кеңесі сияқты қолданыстағы инфрақұрылымды пайдаланудың маңызын да айтты.