Ішкі істер министрлігі көлік жүргізу құқығынан айырылса да, қайтадан рөлге отырған 115 жүргізушінің әкімшілік қамауға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Полиция кейінгі бес күнде осындай 245 құқық бұзушыны анықтаған. Олардың бір бөлігіне әкімшілік қамақ тағайындалса, қалғандарына айыппұл салынған.
«Олардың 115-і әкімшілік қамаққа алынса, 130 жүргізушіге айыппұл салынды. Сонымен қатар барлық 245 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды», – делінген ІІМ хабарламасында.
Министрлік көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтардың қайтадан рөлге отыруы заңға қайшы екенін ескертті.
«Кейбір жүргізушілер көлік жүргізу құқығынан айырылса да, автокөлік рөліне отырады. Сот тыйым салса да, олар заңды әдейі бұзып, басқалардың өміріне қауіп төндіреді», – дейді полиция.
Ведомство мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіретінін атап өтті.