Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Лифтіні тепкілеп сындырған ақтөбеліктердің үшеуі де әкімшілік қамаққа алынды

Лифтіні тепкілеп сындырған ақтөбеліктердің үшеуі де әкімшілік қамаққа алынды
ашық дереккөз

Ақтөбеде көпқабатты үйдің лифтін бүлдірген үш тұрғын жауапқа тартылды. Олардың бірі лифт есігін аяғымен теуіп, жұдырықпен ұрған. Салдарынан есік майысып, лифт істен шыққан, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға кезінде лифт ішінде болған үш жігіттің бірі есікті бірнеше рет тепкілеп, жұдырықтаған. Соның салдарынан есік дұрыс жабылмай қалған. Қауіпсіздікке алаңдаған тұрғындар лифтіні пайдалануды тоқтатуға мәжбүр болған.

Полиция бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп, құқық бұзушылардың жеке басын анықтады. Олар полиция бөліміне жеткізілген.

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, лифтіні қасақана бүлдірген сол үйдің тұрғыны Бекзат Құрақбаев болып шыққан. Онымен бірге болған Азамат Торымов пен Саламат Жолдыбайға да әкімшілік хаттамалар толтырылған.

«Үшеуіне де қоғамдық орында мас күйде жүру, тыныштықты бұзу және ұсақ бұзақылық жасау деректері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, сотқа жолданды. Сот шешімімен құқық бұзушылардың үшеуі де әкімшілік қамаққа алынды. Лифт есігін тепкен азамат 10 тәулікке, қалған екеуі 5 тәулікке қамалды», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Өз кезегінде лифтіні бүлдірген тұрғын мас күйде болғанын айтып, жасаған әрекетіне өкініш білдіріп, кешірім сұраған.