Алматыдағы құрылыс дүкендерінің бірінде әріптестер арасындағы жанжал төбелеске ұласқан. Әйел әріптесі өзін соққыға жыққанын айтып, әлеуметтік желіде полицияға қатысты шағымын жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, спорт шебері атағы бар әріптесі оған күш қолданған. Алайда оқиғадан кейін арызын тіркеу және сот-медициналық сараптамадан өту кезінде қиындықтарға тап болғанын мәлімдеген.
«Спорт шебері атағы бар әріптесім мені ұрып-соқты. Екінші күн болды, арызымды әлі тіркей алмай жатыр. Соққы іздері басылғанша күтіп отыр, сараптамаға жібермейді. Миым шайқалған, көру қабілетім – минус 2», – деп жазды алматылық тұрғын.
Оқиғаға қатысты Алматы қалалық Полиция департаменті де пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, әріптестер арасында жанжал туындап, ер адам әйелге күш қолданған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, 19 жастағы күдікті ұсталған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр.
Сонымен қатар полиция оқиға орнындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеген. Тексеру барысында әйелдің де әріптесіне соққы жасағаны анықталған. Оның әрекетіне де құқықтық баға берілмек.
«Полиция қылмыстық істі тіркемеді және сот-медициналық сараптама тағайындамады деген тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді полиция.
Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары жанжалдың барлық мән-жайын анықтауда.