Танымал психолог әрі коуч Құралай ханым әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелінің неке куәлігіне қатысты айтқан пікіріне жауап берді. Ол некені "бір жапырақ қағазға" теңеудің қоғамға, әсіресе жасөспірімдердің түсінігіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Құралай ханым әлеуметтік желідегі парақшасында бұл мәселеге үнсіз қала алмағанын жеткізді. Оның пікірінше, көпшілікке танымал адамдардың жеке өміріне қатысты мәлімдемелері жастардың отбасы мен некеге деген көзқарасына ықпал етуі мүмкін.
"Неке куәлігі жай ғана бір жапырақ қағаз ба? Біреудің төсегін өсек қылғың-ақ келмейді, бірақ ол өсек өсіп келе жатқан жеткіншектің ой-өрісіне, сосын өміріне әсер ететінін ойласақ, осы жолғы өсектен өтіп кеткім келмеді", – деп жазды ол.
Психолог кей адамдардың өткен өмірін өзгелерге жақсы жағынан көрсетуге тырысатынын айтып, бұл құбылысты психологиядағы "псевдология фантастика" ұғымымен байланыстырды. Оның түсіндіруінше, мұндай жағдайда адам шындық пен қиялды араластырып, өзі туралы оқиғаларды басқаша баяндауға бейім болады.

Құралай ханымның пікірінше, қоғам алдында танылған адамдардың отбасылық құндылықтарға қатысты айтқан сөздері көпшілікке үлгі ретінде қабылдануы мүмкін. Сондықтан ол некенің маңызын төмендететін пікірлерді құптамайтынын білдірді.
"Жұлдыздардың "жұлдыз жұбайлары" осылай өткен өмірлерін жылтыр қылып көрсеткісі кеп, жырлап отыруы – енді біреудің ғана шаруасы емес, енді бәріміздің шаруамыз. "Бір жапырақ қағазды" қағаз көрмей, ерсі қылыққа ілесіп, сол жолдағылармен тіресіп, сосын өмір бойы күресіп жүру – норма екен ғой деген ой бүршік атып үлгерген шығар, кей санада", – деді ол.
Сонымен қатар коуч әлеуметтік желілерде тоқал болудың артықшылықтарын дәріптейтін пікірлердің жиі айтылатынын сынға алды. Ол мұндай тақырыптардың қайта-қайта қозғалуына алаңдаушылық білдірді.
"Енді ел ұмытты ма дегенде, назарды өзіне қайта бұруда. Өзіңіз ойлай беріңіз, осы уақыт ішінде талай бойжеткеннің "ұят болады" деген әрекеттен қанша рет аттап үлгергенін", – деп жазды психолог.
Жазбасының соңында Құралай ханым өзгелерге өзін ақтап көрсетуден гөрі, әр әрекетке жауапкершілікпен қараудың маңызды екенін меңзеді.
"Бетің күліп тұрса да, ішің күрең тартып, жұртқа адал болып көріну үшін мың әріп жазып, жаның шүберекке тығылғанша, "ақырын жүріп, анық басшы, сіңілім", – деп түйіндеді ол.
Коучтың жазбасы желі қолданушылары арасында талқыланды. Пікір қалдырғандардың бір бөлігі оның ұстанымын қолдаған.
"50 жыл тұрамыз, енді естіп жатырмыз ғой. Сөйтсек, тек әшейін қағаз екен ғой. Осы уақытқа дейін жоғалып қалмасын деп жүрсем", "Орынды жаздыңыз", "Жақсы жеткіздіңіз", – деп жазды желі қолданушылары.