Танымал актриса Дариға Бадықова өткен өміріне қайта оралғысы келмейтінін айтып, Олжас Абаймен құрған отбасына қатысты ойын бөлісті. Бұл туралы өнер иесі "Feya Perizat" подкастында айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Актрисаның айтуынша, екі адам бас қосып, жаңа өмір бастағаннан кейін өткенді қайта қозғаудың қажеті жоқ. Ол қазір өміріндегі өзгерістерге қуанып, бар назарын болашағына аударғысы келетінін жеткізді.
"Менің түсінігімде, екі адам бас қосқаннан кейін өткен өмір жоқ қой енді. Сен жаңа өмір бастадың ғой. Енді жаңа өмір бастап отырып, өткен өмірді былықтырып не керек? Мен жаңа "Дариғаның" туғанына қуанып жүрмін. Ескімен қоштасып барып жаңа нәрсе болады ғой негізі. Өткен өткенімен болды", – деді актриса.
Дариға Бадықова басынан өткен жағдайларды қайта-қайта еске алып, уайымға салынуды қаламайтынын да жасырмады. Оның сөзінше, Олжас Абай екеуінің қарым-қатынасы бір күнде басталмаған. Олар әуелі кино түсірілімінде танысып, әріптес ретінде араласқан.
"Жалпы, тек алға ғана жүрген ұнайды маған. Қара аспанды төндіріп, қасірет шегіп, өткенді айтып... Болды, ол енді жоқ. Біршама жыл болды ғой, кеше ғана болған жоқ. Біздің ең бірінші кинода тоғысуымыз, әріптес болуымыз. Сол нәрселерден басталған дүние. Сол себепті енді бас қосып отырғаннан кейін өткен өмір жоқ бізде. Өз жеке басым", – деп түйіндеді ол.

Осылайша актриса қазіргі өмірінде өткенге емес, алдағы күндерге көңіл бөлуді жөн көретінін аңғартты.
Айта кетейік, подкаст барысында Дариға Бадықова мен Олжас Абай тойларының қалай өткенін, бал айындағы қызықты сәттерін де әңгімеледі. Сонымен қатар өнер иелері алдағы шығармашылық жоспарларымен бөлісті.