Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Ғашық болуға кәрімін, өлуге жаспын": Ақбота Керімбекова жасына қатысты ойын айтты

"Ғашық болуға кәрімін, өлуге жаспын": Ақбота Керімбекова жасына қатысты ойын айтты
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Белгілі әнші Ақбота Керімбекова 50 жасқа толғаннан кейін өмірге деген көзқарасы қалай өзгергенін айтып, қазіргі көңіл күйімен бөлісті. Өнер иесі бұл туралы журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Әншінің айтуынша, кейбір құрбылары оның жасын ашық айта беретінін түсінбейді. Алайда Ақбота Керімбекова әр жасқа аман-есен жетудің өзі үлкен бақыт екенін жеткізді. Әсіресе өмірден ерте өткен әріптестерін еске алғанда, адам ғұмырының қаншалықты қымбат екенін тереңірек сезінетінін жасырмады.

"Бір-екі құрбым бар, "Неге елуге келдім деп айта бересің?" дейді. Неге айтпаймын? Елуге жеткен де бар, жетпеген де бар. Біраз әріптестеріміз о дүниелік болып кетті. Жүрегің ауырады. Бәрі Алланың бұйырғанымен болады ғой. Менің ойымша, елуге, алпысқа, жетпіске келдім деп ауыз толтырып айту керек. Ол – Алланың саған берген нығметі, ғұмыры", – деді әнші.

Өнер иесі елу жастың өзіндік қызығы мен ерекшелігі бар екенін де әзілмен жеткізді. Оның сөзінше, бұл кезеңде адам өткен өміріне көз жүгіртіп, қол жеткізген жетістіктері мен жанындағы жақындарының қадірін бұрынғыдан да терең түсіне бастайды.

"Қазір әдемі бір жасқа келдім деп ойлаймын. "Ғашық болайын десең кәрі сияқтысың, өлейін десең жас сияқтысың" деген әңгіме болып тұр ғой. Осы күнге жеткізгеніне шүкір. Халық сыйлап, құрметтеп жатады. Бұл – әнші үшін үлкен бақыт", – деп ағынан жарылды ол.

Ақбота Керімбекова бүгінде өзін өміріне риза, бақытты жан ретінде сезінетінін айтты. Әнші үшін сахнадағы табыспен қатар, ана және әже атану да ерекше қуаныш.

"Қазір елуге келіп, өзімнің бақытты әнші, бақытты ана, бақытты әже екенімді түсініп жатырмын", – деді өнер иесі.

Айта кетейік, Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында Ақбота Керімбекова жеке өмірі мен балаларының отбасылық жағдайы туралы да ашық әңгімеледі. Сондай-ақ келіндерімен қарым-қатынасына қатысты сауалдарға жауап берді.

Ақбота Керімбекова кім?

Ақбота Керімбекова – қазақ эстрадасының танымал әншісі. Ол Шымкент қаласында дүниеге келген.

Өнерге бала кезінен жақын болып, алғашқы халық әндерін анасы, әнші Бибіажар Махамбетовадан үйренген.

"Аппақ гүлдер", "Қош, махаббат", "Бегімайдың жыры" әндері арқылы көпшілікке танылды. Сондай-ақ Саят Медеуовпен бірге "Ақ шағала" әнін орындаған.

2021 жылы Шымкент қаласының мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған.