Мәдина Сәдуақасова болашақ жұбайымен телебағдарлама түсірілімінде танысқан. Ал Ayree мен Нұркен Қасымов бір колледжде оқып, араға жылдар салып жұмыс бабымен қайта кездескен. Ult.kz қазақ эстрадасындағы төрт әншінің отбасын құру тарихына шолу жасады.
Ерке Есмахан мен RaiM
Ерке Есмахан RaiM деген атпен танылған әнші Райымбек Бақтыгереевтен 12 жас үлкен. Олар 2023 жылдың қаңтарында некесін қидырған. Сол кезде Ерке 38 жаста, Райымбек 26 жаста болған.

Ерке кейін Instagram парақшасында Райымбекпен 2018 жылы танысқанын айтып, сол күні бірге түскен алғашқы суретін жариялады. Әншінің айтуынша, бір-біріне деген сезімі сол кездесуден басталған. Ол таныстықтары жайлы әңгімелегенде Райымбектің “Шам”, “O2” және “4 дөңгелек” әндерін де атаған.
Мәдина Сәдуақасова мен Олжас Смағұлов
“Сүйген жүрек”, “Жұлдызды түн” әндерімен танылған Мәдина Сәдуақасова өзінен жеті жас кіші телережиссер Олжас Смағұловпен шаңырақ көтерген. Екеуі телебағдарлама түсірілімінде танысып, 2013 жылы кездесе бастаған. Олжас әншіге туған күнінде үйленуге ұсыныс жасаған.

Жұп 2014 жылғы 2 ақпанда Алматыда некесін ресми тіркеді. Үйлену тойы да Алматыда өтті. Сол жылдың жазында олардың Әнуар есімді ұлы дүниеге келді.
Алтынай Жорабаева мен Әлішер
Алтынай Жорабаева екінші рет тұрмысқа шыққанын 2020 жылы хабарлады. Әнші жұбайы Әлішердің Қостанай өңірінен екенін және өзінен екі жас кіші екенін Instagram желісінде айтты. Сол кезде ол тұрмысқа шығу туралы шешімді ұзақ ойланып қабылдағанын, қыздарының да бұл қадамын қолдағанын жеткізді.

Жорабаева оқырмандарына жұбайының мінезі туралы да айтып берді. Оның сөзінше, Әлішер көпшілік алдына шығуға қысылады. Сондықтан ол жүзікті ел алдында тағуды қаламаған.
Ayree мен Нұркен Қасымов
Ayree деген атпен танылған Әйгерім Рақыш өзінен екі жас кіші Нұркен Қасымовқа тұрмысқа шыққан. Әнші “Мамский әңгіме” жобасына берген сұхбатында екеуінің бір колледжде оқығанын айтты. Оқу бітіргеннен кейін әрқайсысы өз жолымен кетіп, біраз жылдан соң жұмыс бабымен қайта жолыққан.

Бейнебаян түсіретін маман іздеген Әйгерім Нұркеннің жұмыстарын әлеуметтік желіден қарап жүріп, оған өзі бірінші болып жазған. Әуелде шығармашылық жоспарларын талқылаған екеуі кейін кофе ішіп, өмір жайлы да ұзақ әңгімелесетін болған. Әнші сұхбатында Нұркеннің еңбекқорлығы мен сабырлы мінезін атап өтті.