Мөлдір Мұқан әлеуметтік желідегі жазбасында бала күнінде үйінен қонақ үзілмегенін айтып, бүгінде өзін төріне шығарып, құрмет көрсетіп жүрген жандарға алғыс білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, ата-анасы қызметте жүрсе де, ауылдың тірлігін қатар алып жүрген. Үйге жиі қонақ келетіндіктен, балалары да қолғабыс еткен. Мөлдір он жасында анасына дастарқан жайып, оны жинауға көмектескенін, кейде шаршап қалатынын да еске алды.
“Қазір сондай сыйлы мейманның орнында өзім жүрген екенмін. Төрден орын беріп, сый-сияпатымен қарсы алып жатқан жақсылар өте көп екен айналамда”, – деп жазды ол.
Мөлдір Мұқан бүгінде көріп жүрген құрметін ата-анасының кезінде жасаған жақсылығымен байланыстырды. Сондай-ақ өзіне қолдау көрсеткен жандардың жақсылығы ұрпағына еселеніп қайтсын деп тілек білдірді.
“Иә, мен әлемге ашықпын. Өйткені менің жүрегімде әлі де қаншама арман, қаншама махаббат, қаншама әдемі бастамалар бар!” – деп түйіндеді ол.
Мөлдір Мұқан кім?
Мөлдір Мұқан — қазақстандық продюсер әрі әнші. Ол концерттер мен шығармашылық жобаларды ұйымдастырып, балаларға арналған “ММ” өнер мектебін ашқан. Мамандығы — экономист. Өзінің айтуынша, жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітіріп, 21 жасынан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеген.

Ол домбырашы әрі әнші Ақтоты Болышевамен продюсер ретінде жұмыс істеген. 2025 жылы “Шәй в большом городе” фильмінің продюсері болды. Өз орындауындағы “Өтірік” және “Өмір сүр қалма елден” әндерін жарыққа шығарған.

Мөлдір Мұқан көпшілікке әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы ретінде де таныс. Екеуінің ортақ бес баласы бар. Ол 2025 жылы Қабатовпен ресми түрде ажырасқанын мәлімдеді.