«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының тағы бір қызметкері ұсталды. Қор өкілдері оған қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын растады, деп хабарлайды ult.kz Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Қордың баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталған қызметкер қор департаменттерінің бірінде жұмыс істеген. Оның ұсталуына бұрынғы еңбек қызметіне қатысты мән-жайлар себеп болған. Бұл жағдай қазіргі лауазымдық міндеттерін орындауына байланысты емес.
«„Самұрық-Қазына“ АҚ-ның қолда бар ақпаратына сәйкес, қор департаменттерінің бірінің қызметкерін ұстау оның бұрынғы еңбек қызметіне қатысты мән-жайлармен байланысты және қазіргі қызметтік міндеттерін атқаруына қатысы жоқ. Қазіргі уақытта уәкілетті органдар тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», – делінген қор хабарламасында.
Еске салайық, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басқарма төрағасы Нұрлан Жақұпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отынышевтің ұсталғанын хабарлаған болатын.
Кейін сот олардың қамауға алынуына санкция берді.
Осы оқиғадан кейін қор өкілдері «Самұрық-Қазына» мен оған қарасты компаниялардың штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Премьер-министр Олжас Бектенов қор басшылығының ұсталуына қатысты пікір білдірген еді.