Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

«Бизнеске ақша сал, байып кетесің»: Жамбылда әйел 715 млн теңгені иемденген

«Бизнеске ақша сал, байып кетесің»: Жамбылда әйел 715 млн теңгені иемденген
teisinespaslaugos.info

Жамбыл облысында тұрғындарды бизнеске инвестиция салуға үгіттеп, жүздеген миллион теңгені иемденген әйел ұсталды. Тергеу дерегінше, заңсыз айналымға түскен қаражат көлемі 715,9 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті азаматтарға мол табыс табуға уәде беріп, олардың сеніміне кірген.

Алғашқы арыз Шымкент қаласында тұратын 71 жастағы әйелден түскен. Ол күдіктіге бизнеске инвестиция салу мақсатында 8 млн теңгесін берген. Алайда уәде етілген табысқа қол жеткізе алмаған.

Кейін Жуалы аудандық полиция бөліміне осындай жағдайға тап болған бірнеше тұрғын шағымданған. Олардың айтуынша, күдікті дәл осы тәсілмен ақшаларын иемденген.

Тергеу барысында басқа адамның атына жеке кәсіпкерлік тіркеліп, екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасы арқылы 715,9 млн теңгеден астам қаражаттың заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырылғаны анықталды.

Қазір аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3 және 4-бөліктері (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынған.

Полиция оның әрекетінен зардап шеккен өзге азаматтарды анықтап жатыр.