Қарағанды облысында балық аулауға шыққан үш адамның өмірі қайғылы аяқталды. Олардың арасында бір әйел бар. Үшеуінің де мәйіті көлден табылды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 17 қараша күні таңғы сағат 06:00 шамасында 1959 және 1963 жылы туған екі ер адам мен 1963 жылы туған әйел Бородиновка ауылынан оңтүстікке қарай 15 шақырым жердегі көлге балық аулауға кеткен. Алайда олар сол күйі үйлеріне оралмаған.
Үш адамның жоғалғаны туралы хабар ТЖД-ге 17 қараша күні сағат 23:40-та түскен. Құтқарушылар бірден іздестіру жұмыстарына кіріскен. Түнгі уақыт пен қолайсыз жағдай іздеу жұмыстарын қиындатқан.
Құтқару операциясы кезінде ұшқышсыз ұшу аппараты, тепловизоры бар дүрбі, сүңгуір жабдықтары және Starlink спутниктік байланыс жүйесі қолданылған.
«18 қарашада сағат 01:18-де, хабар түскеннен кейін 1 сағат 38 минут өткен соң, құтқарушылар үш адамның денесін судан алып шықты. Олар жағадан 10 метр қашықтықта, 2,5 метр тереңдікте жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, балықшылар мұз астына түсіп кетіп, суға батып кеткен», – деп хабарлады облыстық ТЖД.
Ведомствоның мәліметінше, марқұмдардың үстінде құтқару кеудешелері болмаған. Қазір қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.