Әлеуметтік желіде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студент қыздың өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы ақпарат тарады. Алматы қалалық полиция департаменті оқу орындарының бірінде студент қыздың өзіне дене жарақатын салғанын растады, деп хабарлайды ult.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы ақпарат 19 қарашада Instagram желісінде жарияланған. Алайда жазба авторы мәліметтің ресми түрде расталмағанын атап өткен.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Алдын ала мәлімет бойынша, оқу орындарының бірінде студент қыздың өзіне жеңіл дене жарақатын салу фактісі тіркелді. Оған медициналық көмек көрсетілді. Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады», – деп хабарлады полиция.
ҚазҰУ-де бұған дейін де қайғылы оқиғалар болған
Еске салайық, 6 қараша күні ҚазҰУ студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болған еді.
Ал 16 қарашада университеттің география және табиғатты пайдалану факультетінде оқитын тағы бір бірінші курс студентінің көз жұмғаны белгілі болды. Кейін полиция күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
Осы оқиғадан кейін университет басшылығы әлеуметтік тұрақтылық жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканын қызметінен босатты.
Сондай-ақ 17 қарашада Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚазҰУ-де кешенді тексеру жүргізетінін мәлімдеді.