2026–2027 оқу жылында Қазақстан оқушылары қысқы демалыста 14 күн тынығады. Каникул 28 желтоқсанда басталып, 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін жалғасады. Оқушылар сабаққа 11 қаңтар, дүйсенбі күні оралады, деп хабарлайды ult.kz.
Оқу-ағарту министрлігі бекіткен кестеге сәйкес, биыл қысқы демалыс өткен оқу жылымен салыстырғанда төрт күнге ұзартылған. Былтыр оқушылар 29 желтоқсаннан 7 қаңтарға дейін, яғни 10 күн демалған еді.
Екінші тоқсан сегіз аптаға созылады. Ал қысқы каникулдан кейін басталатын үшінші тоқсанның ұзақтығы – 10 оқу аптасы.
Келесі демалыстар қашан басталады?
Бірінші сынып оқушыларына 2027 жылғы 8-14 ақпан аралығында қосымша бір апталық демалыс беріледі.
Ал барлық сынып оқушыларының көктемгі каникулы 22-28 наурыз аралығында өтеді. Демалыс жеті күнге созылады.
Төртінші тоқсан сегіз оқу аптасынан тұрады. 2026–2027 оқу жылы 25 мамырда аяқталады.