Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

“Диагнозымыз бір еді”: Роза Әлқожа сахнада денесінің сол жағы ұйып қалғанын айтты

“Диагнозымыз бір еді”: Роза Әлқожа сахнада денесінің сол жағы ұйып қалғанын айтты
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Белгілі әнші Роза Әлқожа марқұм Сейілдің Қарағандыда өткен еске алу кешінен кейін жан тебірентерлік жазба жариялады. Өнер иесі марқұммен бір дертке шалдыққанын айтып, сахнада басынан өткен жағдайды баяндады, деп хабарлайды ult.kz.

Әншінің сөзінше, еске алу кешінде ине шаншар орын болмаған. Сахна төріндегі марқұмның суретін көрген Роза Әлқожа көз жасына ерік берген.

“Диагнозымыз бір еді. Ол өмір сүрсе біз де жер бетінде ұзақ жүрердей үмітті едік…” – деп жазды әнші.

Роза Әлқожа “Сейіл-жүректі” орындау үшін сахнаға шыққанда қол-аяғы дірілдеп, денесінің сол жағы тұтастай ұйып қалғанын жасырмады.

“Кішкентай сахна шаршы алаң сияқты әр қадамымды абайлап басып, құлап қалмасам болды деген қорқынышпен аяқ бастым. Ел керемет көтермелеп отыр. Шыға сала екі көзден жас парлап, сол жағым түгел ұйып қалды. “Дүние-ай?!” дейсің іштей. Өкініш пен сағыныш, қайта оралмас өткен шақ…” – деді өнер иесі.

Сондай-ақ әнші кеш барысында жарықтың бірнеше рет сөнгенін, Қарағандыда жаңбыр жауғанын ерекше тебіреніспен жеткізді.

“Кеше Қарағанды аспаны ағыл-тегіл жылады. Жылап тұрған ағам шығар дедім?!. Бар арман, арзуын айтып тұрғандай?!” – деп жазды Роза Әлқожа.

Әнші еске алу кешін ұйымдастырған азаматтарға алғысын білдіріп, марқұмның айналасына адал достарын жинаған ерекше жан болғанын атап өтті.

Айта кетейік, Танымал актер қатерлі ісіктен көз жұмды. 

Роза Әлқожа кім?

Роза Әбдіразаққызы Әлқожа – қазақтың танымал әншісі, сазгер, ақын әрі журналист. Ол 1981 жылы 1 қазанда дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің өнер және мәдениет факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын “Ақ жол – Қазақстан” республикалық қоғамдық-саяси газетінің өнер бөлімінде бастаған.

Бала кезінен ән мен өлеңге құмар болған өнер иесі сегізінші сыныптан бастап ән шығара бастаған. 2008 жылы “Мен сыйға тартқан орамал” атты алғашқы ән жинағы жарық көрді.

Роза Әлқожа “Қара күз”, “Жылатқаның неткенің”, “Жүрек назы”, “Мен сыйға тартқан орамал”, “Мына өмір ғажап қандай” әндері арқылы көпшілікке танылды. Сондай-ақ отандық эстрада әншілеріне көптеген ән жазған. Мұқағали Мақатаев атындағы медальмен марапатталған.

Өнер иесі 19 жасында тұрмысқа шыққан. Бес баланың анасы.