Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова сахналық киімін сынаған әнші Айдана Меденова әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа бейнежазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
“Өзіңізбен жұмыс істеңіз”, – дейді өнер иесі.
Әншінің бұл сөзі сахналық киіміне қатысты айтылған сыннан кейін жарияланды.

Еске салайық, 23 қарашада Айдана Меденова жаңажылдық бағдарлама түсірілімінен видео жариялаған болатын. Әнші денесіне қонымды қара комбинезон киіп, сыртынан қызғылт қауырсынмен көмкерілген ұзын киім жамылған.
Меденованың бұл киімі Мақпал Жүнісованың көңілінен шықпаған.
“Мен мұндай лосинамен үйде уборка жасаймын”, – деп пікір қалдырған халық әртісі.
Жүнісованың пікірі желіде қызу талқыға түсіп, мыңдаған лүпіл жинады. Оқырмандардың бір бөлігі халық әртісін қолдаса, енді бірі Меденованың киім таңдау еркіндігін жақтады.
Айта кетейік, Мөлдір Мұқан ажырасу туралы жазба жариялады.
Айдана Меденова кім?
Айдана Меденова – қазақстандық эстрада әншісі, актриса, “КешYOU” тобының бұрынғы мүшесі. Ол 1991 жылы 28 қыркүйекте Семей қаласында дүниеге келген.

Өнерлі отбасында тәрбиеленген Айдана бес жасынан ән айтқан. Музыка мектебінде фортепиано мен скрипка аспаптарын меңгерген. Алматыдағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында интерьер дизайнері мамандығы бойынша білім алған.
2012 жылы Баян Алагөзова жетекшілік еткен “КешYOU” тобына қосылып, Жанар Дұғалова және Кәмшат Жолдыбаевамен бірге өнер көрсетті. Бұл үштік көпшілік арасында топтың “алтын құрамы” атанды.
2015 жылы топтан кетіп, жеке шығармашылығын қолға алды. “Су”, “Сағындың ба”, “Тек сыйла”, “Хей, хейтер” әндері арқылы тыңдарманға танылды. Сонымен қатар “Ғашық жүрек” телехикаясында басты рөлді сомдады.

2019 жылы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен Face of Asia фестивалінде Азия музыка индустриясының дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды.
2015 жылы продюсер Әлішер Нұржановқа тұрмысқа шықты. Қазір үш баланың анасы. Үш жылдық шығармашылық үзілістен кейін сахнаға қайта оралып, жаңа әндерін жарыққа шығарып жүр.