Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

БҚО-да 86 млн теңгенің 148 жылқысын ұрлаған топ ұсталды

БҚО-да 86 млн теңгенің 148 жылқысын ұрлаған топ ұсталды
Polisia.kz

Батыс Қазақстан облысында 148 жылқыны ұрлады деген күдікпен төрт адам ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың мал ұрлығының алты дерегіне қатысы бар. Ұрланған жылқылардың жалпы құны 86 млн теңгеден асады, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, 20-22 қараша аралығында облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның аясында облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы мен Бөкей ордасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, мал ұрлығын ашуға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде алты мал ұрлығы дерегіне қатысы бар деген күдікпен төрт адамнан құралған топ қолға түсті. Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.

Қазіргі уақытта аталған адамдардың жалпы құны 86 млн теңгеден асатын 148 жылқыны ұрлауға қатысы бары анықталған. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мал ұрлағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.