Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Онлайн-казиноның қаржы айналымын жүргізген үш адам ұсталды

Онлайн-казиноның қаржы айналымын жүргізген үш адам ұсталды
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

Алматы облысында үш күдікті Қырғызстан азаматтарын дропперлікке тартып, олардың банк шоттары арқылы 3,6 млрд теңгеден астам қаражат өткізген. Олар заңсыз криптовалюта операцияларын жүргізіп, онлайн-казинолардың қаржылық айналымына қызмет көрсеткен. Қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) мәлімдеді.

Тергеу мәліметінше, Алматы қаласының үш тұрғыны заңсыз криптовалюта операцияларын жүргізу үшін дропперлер желісін құрған. Олар делдалдар арқылы Қырғызстан азаматтарын, негізінен студенттер мен қаржылық қиындыққа тап болған жастарды тартқан.

Күдіктілер шетел азаматтарының Қазақстанға келу жолақысын, тұратын жері мен тамағын төлеп, ұялы телефон және SIM-карталармен қамтамасыз еткен. Ал олар ақшалай сыйақы үшін өздерінің банк шоттарына қол жеткізу құқығын беріп, кейін еліне қайтқан.

Осы шоттар арқылы лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу-сату операциялары жүргізілген.

Бұдан бөлек, топ мүшелері «SkyPhoenix» халықаралық төлем платформасы арқылы «Pinco», «Pinup», «Nomad Games», «Sultan Games» және өзге де онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткен. Олар ойыншылардан төлем қабылдап, ұтыстарды аударуды және заңсыз ойын бизнесінен түскен табысты криптовалютаға айырбастап, шығаруды ұйымдастырған.

Бұл қызметтері үшін күдіктілер айналымдағы қаражаттың 4 пайызын сыйақы ретінде алып отырған. Дропперлік шоттар арқылы өткен ақшаның жалпы көлемі 3,6 млрд теңгеден асқан.

Қазіргі уақытта екі күдікті үйқамаққа алынған. Сот санкциясымен үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге деректері жария етілмейді.