Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық конференциясында технологиялық трансформация, цифрлық экономиканы дамыту және жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастық туралы айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанды қысқа мерзім ішінде толық цифрланған мемлекетке айналдыру стратегиялық мақсат екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Президенттің айтуынша, технологиялық өзгерістер геосаяси шиеленіс күшейіп, мемлекеттер арасындағы сенім әлсіреген кезеңде жүріп жатыр. Қазір озық технологияларға, есептеу қуатына және білікті мамандарға қол жеткізу елдердің бәсекеге қабілеттілігі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Тоқаев халықаралық ғылыми байланыстарды шектеу технологиялық теңсіздікті күшейтуі мүмкін екенін ескертті. Оның пікірінше, елдер арасында жаңа алшақтықтың пайда болуына жол бермей, өзара тиімді ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту қажет.
Мемлекет басшысы Қазақстанда цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланып, Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілген. Сондай-ақ «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданған.
Президенттің дерегінше, мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді. Ал eGov Mobile қосымшасына 13 миллион адам тіркелген. БҰҰ зерттеуіне сәйкес, Қазақстан электрондық үкіметтің даму рейтингі бойынша екі жылда сегіз сатыға көтеріліп, әлемде 16-орынға шыққан.
Тоқаев елімізде технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасалып жатқанын айтты. Былтыр отандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асқан. Ал Astana Hub технопаркі аясында қазір 2700 стартап пен компания жұмыс істейді. 2019 жылдан бері осы орталыққа тіркелген компаниялардың жиынтық кірісі 7 миллиард долларға жуықтаған.
Президент қазақстандық Higgsfield стартапын да мысалға келтірді. Оның айтуынша, компанияның негізін екі қазақстандық азамат қалаған, ал стартаптың құны бір жылда 10 миллиард долларға жеткен.
«Мен «халықтық цифрлық экономика» құру міндетін қойдым. Интернет заңды кәсіппен айналысып, пайда тапқысы келетін адамдарға қызмет етуге тиіс. Басқаша айтқанда, интернет – «қоқыс жәшігі» емес, жасампаз шығармашылық пен өнімді еңбектің кеңістігі болуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент цифрлық экономикаға қажетті мамандар даярлау мәселесіне назар аударды. AI-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңнан астам студент жасанды интеллектіні қолданудың практикалық дағдыларын меңгеріп жатыр.
Тоқаев технологиялық серпіліс үшін тек инфрақұрылым мен мамандардың болуы жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның сөзінше, елде отандық технологиялық әзірлемелер жасалып, олар экономиканың нақты қажеттіліктеріне пайдаланылуы керек.
Осы мақсатта Мемлекет басшысы жақында Астанада өткен Digital Bridge форумында AI Challenge бастамасын ұсынған. Жоба кәсіпорындар мен бағдарламалық өнім әзірлеушілерді өндірістегі нақты міндеттерді шешуге жұмылдыруды көздейді. Президент бұл тәсілді Ресеймен технологиялық әріптестікте де қолдануға болатынын айтты.