Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

«Ясауи ілімі – арлы адам, кемел тұлға қалыптастыру жолы»

«Ясауи ілімі – арлы адам, кемел тұлға қалыптастыру жолы»
egemen.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасын ел көлемінде жүйелі насихаттап, оның тағылымын қоғам санасына сіңірудің маңызын атап өткен болатын. Президент тапсырмасы аясында Ясауи ілімін, әсіресе жастар мен әскери қызметшілер арасында кеңінен түсіндіру, оның адамгершілік, отаншылдық, адалдық пен жауапкершілікке негізделген қағидаларын тәрбие жүйесіне енгізу мәселесі өзекті болып отыр. Осы орайда Ясауи мұрасының ұлттық дүниетанымдағы орны, кемел адам тұжырымдамасы және радикалды діни көзқарастарға қарсы рухани иммунитет қалыптастырудағы рөлі жөнінде ult.kz тілшісі дінтанушы, ясауитанушы, философия ғылымының докторы, профессор Досай Кенжетаймен сұқбаттасты.

– Досай Тұрсынбайұлы, Ясауи ілімін Қарулы күштер қатарында насихаттаудың маңызы қандай? Оның адамгершілік, отаншылдық, адалдық пен жауапкершілік туралы ұстанымдарын әскери-патриоттық тәрбие жүйесіне қалай енгізуге болады?

– Негізінде, тарихта Ясауи жолын әскери тарихат деп таныған зерттеушілер де бар. Себебі Ясауи ілімінде заман, мекен, ихуан және мемлекетке адалдық сияқты маңызды ұстанымдар бар. Заман дегеніміз – уақыт, мекен – кеңістік, ихуан – бауырмалдық, ал мемлекетке адалдық – ел алдындағы жауапкершілік.

Ясауи осы төрт ұстаным негізінде шәкірттерін тәрбиелеген. Мұндағы уақыттың басты категориясы – тыныштық. Яғни адамның кемелдікке қарай бет алуы үшін ең алдымен ішкі және сыртқы тыныштық қажет. Әскери ортада да сыртқы тыныштықтың, елдегі бейбітшіліктің маңызы ерекше. Соғыссыз, тұрақты қоғамда ғана адам рухани дамуға мүмкіндік алады.

Екінші ұстаным – мекен, яғни Отан. Әр адамның, әрбір халықтың өз Отаны бар. Оны қорғау – азаматтық әрі адамгершілік міндет.

Үшінші ұстаным – ихуан, яғни бауырмалдық. Бұл қағида Қарулы күштер үшін аса маңызды. Әскер қатарындағы ынтымақ, өзара құрмет, бір-біріне жанашырлық таныту – әскери тәртіп пен бірліктің негізі.

Төртінші ұстаным – мемлекетке адалдық. Бұл елге, жерге, мемлекетке қызмет ету, оның алдындағы жауапкершілікті сезіну деген сөз.

Меніңше, осы төрт қағиданы әскери-патриоттық тәрбие жүйесіне енгізу қажет. Яғни ішкі және сыртқы тыныштықты сақтау, Отанды қорғау, бауырмалдық пен мемлекетке адалдықты қалыптастыру – Ясауи ілімінің әскери тәрбиеге берер маңызды тағылымы.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық ілімін бүкіл ел көлемінде жүйелі түсіндіруді тапсырды. Сіздіңше, бұл бастаманың бүгінгі қоғам үшін маңызы қандай? Неліктен дәл қазір Ясауи мұрасына қайта оралуымыз керек?

– Ясауи мұрасына дәл қазір қайта оралуымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірнеше рет, түрлі жиындар мен Құрылтайларда қазақ халқының Ясауи мұрасын, оның философиялық жүйесін әлемге таныту және ел ішінде жүйелі насихаттау қажеттігін айтты.

Бұл бастама өте маңызды. Себебі қазіргі геосаяси жағдайда біз өркениеттік тұрғыдан ойлануға мәжбүрміз. Өркениеттік сабақтастықтың кейбір көріністерін Мемлекет басшысының бүгінгі саясатынан да байқауға болады. Мәселен, Алтын Орда тарихына қатысты тұжырымдамалардың жасалуы – мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын көрсететін маңызды қадам.

Біз – түркі-ислам өркениетінің өкілдеріміз. Орта ғасырларда Алатау мен Қаратау аралығынан Аралға дейінгі кеңістікте елу алты қала болған. Сол қалалардан бүгінгі күнге дейін бес жүзге жуық трактат жеткен. Бұл – түркі-ислам өркениетінің қаншалықты дамығанын көрсететін тарихи дерек. Ал осы өркениеттің рухани орталығында Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы тұр.

Ясауидің шығармашылық мұрасын насихаттау дегеніміз – өзіміздің исламдық өркениеттік негізімізді таныту. Оның ілімі – ең алдымен адам туралы ілім. Адамның антропологиялық, философиялық, моральдық-этикалық тұрғыдан кемелденуіне, өзін-өзі дамытуына, тұлғалық болмысын қалыптастыруына бағытталған тәжірибелер жүйесі.

Бұл тәжірибелер біздің діни танымымызда, сенімімізде, санамызда орныққан. Тек діни санамыз ғана емес, тарихи жадымыз бен мәдени тәжірибеміз де Ясауи мұрасымен тығыз байланысты.

Ясауи ілімінің негізгі ұстанымдарының бірі – адам және оның кемелдігі. Ол әлеуметтік кеңістіктегі ең маңызды құндылық ретінде махаббатты, адамдардың өзара жанашырлығын, құрметі мен бауырмалдығын алға тартады.

Сондықтан Ясауи мұрасын таныту қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды нығайту үшін де, мемлекеттік тіліміздің дамуы үшін де аса қажет. Бұл – рухани әрі өркениеттік негізімізді терең түсінуге мүмкіндік беретін бастама.

– Ясауи ілімінің қазақ халқының ұлттық дүниетанымы, салт-дәстүрі мен рухани болмысының қалыптасуындағы орны қандай? Оның «кемел адам» тұжырымдамасынан бүгінгі ұрпақ қандай тағылым ала алады?

– «Кемел адам», яғни «инсан әл-Кәмил» тұжырымдамасы Ясауиден бастау алып, Абайға дейін жалғасқан іргелі идеялардың бірі. Ясауи ілімі – біздің діни тәжірибеміз. Оны қазақтардың дәстүрлі ислам түсінігінің негізі ретінде қарастыруға болады.

Бұл діни таным мәдениетіміздің тілден бастап санаға дейінгі барлық қабаттарына өзінің ізін, таңбасын, құндылықтарын қалдырған. Сондықтан Қазақстанның мәдени негізінде қазақ мәдениеті жатыр дейтін болсақ, сол мәдениеттің әр қабатындағы Ясауи ілімінің құндылықтарын танып, игеріп, күнделікті өмірде қолдануымыз керек.

Ал кемел адам тұжырымдамасының негізгі мәні – өзін тану, өз рухын тану. «Кім өзін таныса, ақиқатты таниды» деген ұстаным осыдан туындайды. Өзін тану дегеніміз – адамның өзіне есеп беруі, өзін қадағалауы, іс-әрекетін бақылауы. Мұның бәрі – рухани кемелденудің кепілі.

Ясауи ілімін ар ілімі деп те атауға болады. Бүгінгі ұрпаққа ең алдымен осындай тағылым қажет. Қандай жағдайда да арлы болып қалу – адамның тұлғалық болмысының басты көрінісі.

Адам тұлға болуы керек. Өзінің «менін» қалыптастыруы қажет. Меніңше, адам еркін болуы тиіс. Таңдау еркіндігі мен жауапкершілігі өз қолында болған адам ғана шынайы тұлғаға айналады.

Ясауи ілімінің негізгі мақсаты – адамның бойындағы осы «менді» қалыптастыру. Абай да бұл мәселеге ерекше мән берген. Құрандағы адамның жер бетіндегі халифа ретіндегі жауапкершілігі де осыған саяды. Яғни адам Алланың жаратқан дүниесіндегі жауапкершілікті мойнына алып, еркіндігін сезіне білуі керек.

– Президент бастамасында Ясауи мұрасын насихаттау арқылы жастар мен әскери қызметшілер арасында діни экстремизмнің алдын алу міндеті де көзделген. Оның ілімі радикалды діни көзқарастарға қарсы рухани иммунитет қалыптастыруға қаншалықты ықпал ете алады?

– Бізде үш уақыт категориясы бар: өткен шақ, осы шақ және болашақ. Біздің болашағымыз – жастар. Егер жастарға өткен тарихымыздан бастау алатын моральдық-этикалық тәжірибелерді жеткізе алсақ, оларды сол құндылықтармен салыстырып, саралай білуге үйретсек, үлкен нәтижеге қол жеткіземіз.

Сонда жастар кез келген діни ағымның ұстанымдарын өздерінің дәстүрлі мұсылмандық дүниетанымымен салыстыра алады. Ешкімнің сырттан нұсқауын күтпей-ақ, өз бетінше еркін шешім қабылдау қабілеті қалыптасады.

Президентіміздің Ясауи ілімін насихаттауға басымдық беруінің, Үкіметтің осы бағытта бағдарламалық жұмыстар жүргізуінің түпкі мақсаты да – қоғамның тұрақтылығы, кемелдігі мен дамуы. Сонымен қатар жастар мен әскери қызметшілердің рухани санасын қалыптастыру көзделеді.

Ясауи ілімі радикалды көзқарастарға қарсы рухани иммунитет қалыптастыра алады. Өйткені оның құндылықтары біздің мәдениетіміздің барлық қабатында бар. Тілімізде, ойлау жүйемізде, әдет-ғұрпымызда, салт-дәстүрімізде, моральдық-этикалық және құқықтық түсініктерімізде, өнеріміз бен сәулетімізде Ясауи дүниетанымының іздері сақталған.

Сондықтан осы құндылықтарды жастарға танытып, бойына сіңіруіміз керек. Дәстүрлі ислам түсінігін, соның ішінде Ясауи ілімінің негізгі қағидалары мен идеяларын жастардың біліміне, танымына, кісілік болмысына енгізу маңызды. Сонда олар саналы, ақылды, арлы болып қалыптасады. Өзінің рухани негізін терең таныған жас жат ағымдардың ықпалына оңайлықпен ермейді.

– Ясауи мұрасын насихаттау тарихи тұлғаны ұлықтау немесе мерейтойлық іс-шаралармен шектелмеуі керек. Оның ілімін білім беру жүйесіне, жастар тәрбиесіне және қоғамдық өмірге енгізудің қандай нақты жолдарын ұсынар едіңіз?

– Бізде көбінесе науқаншылдық басым. Белгілі бір тұлғаның мерейтойы кезінде ғана ол туралы көп айтамыз, конференциялар өткіземіз, зерттеулер жүргіземіз. Ал мерейтой аяқталған соң, бұл жұмыстардың қарқыны бәсеңдеп қалады.

Меніңше, Ясауи мұрасын насихаттау үздіксіз үдеріске айналуы керек. Оның идеялары білім беру жүйесінде, ғылыми зерттеу орталықтарында, музейлерде, теледидарда, кинода және өнердің барлық саласында көрініс табуы қажет. Яғни Ясауи мұрасының құндылықтары қоғам өміріне тұрақты түрде еніп, халыққа үздіксіз жеткізілуі тиіс.

Ең алдымен, Ясауитануды білім беру жүйесіне енгізу керек. Балабақшадан бастап мектептің бастауыш және жоғары сыныптарына, колледждер мен жоғары оқу орындарына дейін жас ерекшеліктеріне сай Ясауитануға арналған оқу бағдарламалары мен оқулықтар әзірленуі қажет.

Әр жас кезеңінің өзіндік қабылдау ерекшелігі бар. Сондықтан Ясауи ілімінің ұғымдары мен қағидаларын балаларға түсінікті тілмен жеткізу маңызды. Егер біз оның күрделі философиялық тұжырымдарын жастардың қабылдауына бейімдемей ұсынатын болсақ, олардың қызығушылығын оята алмаймыз.

Сондықтан Ясауи мұрасын бүгінгі заманның әдіс-тәсілдерімен, ғылыми-танымдық негіздерімен, қазіргі психологиялық және моральдық құндылықтармен сабақтастыра түсіндіруіміз керек. Оның ілімін қоғам өміріне енгізудің негізгі жолы – осы.

– Сұқбатыңызға рақмет!