Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кремльде Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесті. Тараптар жасанды интеллектіні дамыту, сауда-экономикалық байланыстар және екі ел арасындағы бірлескен жобаларды талқылады, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесу AI Journey 2026 жасанды интеллект форумының қарсаңында өтті.
«Алғашқы форумды 2020 жылы Covid пандемиясы тұсында онлайн режимде өткізгеніміз есімде. Сол кезде Сіз үш-төрт жыл ішінде жасанды интеллект, цифрландыру тақырыбы алдыңғы орынға шығатынын айтқан едіңіз. Дәл солай болды», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Биыл елімізде Жасанды интеллектіні дамыту жылы жарияланғанын еске салды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкімет пен адам капиталын дамыту рейтингінде 24-орыннан 16-орынға көтерілген.
Мемлекет басшысы Ресейдің жоғары технологиялық компанияларының Қазақстан нарығындағы қызметіне де оң баға берді. Атап айтқанда, «Сбер» мен «Яндекс Қазақстан» компанияларын ерекше атап өтіп, олардың жұмысына қолдау көрсетілетінін айтты.
Кездесуде екі ел арасындағы сауда айналымы да сөз болды. Тоқаевтың мәліметінше, Қазақстан мен Ресей тауар айналымын 30 миллиард долларға жеткізуге бағыт алған. Үкіметаралық комиссияның күн тәртібіндегі 178 жобаның 124-і жүзеге асырылған, қалғандары іске асырылу үстінде немесе аяқталуға жақын.
Өз кезегінде Владимир Путин екі ел арасындағы тауар айналымының өсіп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, ұлттық валюталармен есеп айырысу үлесі 90 пайыздан асқан.
Кездесу барысында тараптар энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін де талқылады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Путиннің Қытайға сапары мен Шэньчжэнь қаласында өткен үшжақты саммиттің қорытындысына қатысты пікір білдірді. Қазақстан Президенті Ресейдің халықаралық аренадағы рөлін жоғары бағалады.
«Әрине, «үштіктің» отырысын қарап отырып, тарихтың осы бір күрделі кезеңінде, геосаяси ахуал шиеленісіп, тұрақсыздық белең алған сәтте Ресейдің ұлы держава ретінде алдыңғы қатарға шыққанына қуандым. Бұл, әрине, Владимир Владимирович, Ресей Президенті ретінде Сіздің зор еңбегіңіздің арқасы. Осы жайтқа шынайы қуандым», - деді Мемлекет басшысы.