Танымал әнші Жазира Байырбекованың құдағиы "Алтын алқа" иегері атанды. Өнер иесі отбасындағы қуанышты жаңалықты көпшілікке жеткізіп, ұлы мен келініне ақ тілегін арнады, деп хабарлайды ult.kz.
Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында құдағиын құттықтауға барған сәтінен видео жариялады.

"Керемет жаңалық, керемет көңіл-күй. Құдағиымды "Алтын алқа" мемлекеттік наградасымен құттықтауға келдім! Ұлым мен келініме жұғысты болсын", – деді әнші.
Жазира Байырбекова құдағиының бала тәрбиесіндегі еңбегін жоғары бағалап, оған жүрекжарды тілегін жеткізді.
"Бұл – аналық мейірімнің, төгілген тер мен таусылмас еңбектің үлкен бағасы. Бала-шағаңыздың қызығын көріп, әрдайым ортамыздың мақтанышы болып жүре беріңіз! Алла деніңізге саулық, отбасыңызға амандық берсін!" – деп жазды өнер иесі.
