Бірге сахнаға шығып, қуаныштары мен қиындықтарын бөліскен жандардың достығы кейде жылдар өте сыр береді. Бірінің арасына бөгде адамдар түссе, енді бірінің өмірлік ұстанымдары мен шығармашылық бағыттары екіге айырылған. Кезінде жақын араласқан қазақ шоу-бизнесі өкілдерінің достығы неге ұзаққа созылмады? Өнер иелерінің сұхбаттарына сүйеніп, бес оқиғаға шолу жасадық, деп хабарлайды ult.kz.
1. Димаш Құдайберген мен Алпамыс Шаримов

Димаш Құдайбергеннің өнер жолында ерекше орны болған жандардың бірі – Алпамыс Шаримов. Ол әншінің шетелдегі байқауларына бірге барып, Қазақстан бойынша концерттер ұйымдастыруға атсалысқан. Көпшілік Алпамысты Димаштың продюсері деп қабылдағанымен, ол өзін әншінің досы әрі кеңесшісі болғанын айтады. Алайда 2020 жылы Нұрсұлтан Құрманға берген сұхбатында Алпамыс Димашпен араласпай кеткенін мәлімдеді.
"Қазір Димаш екеуміз араласпаймыз. Менің өз жұмысым бар, оның өз жұмысы бар", – деді Шаримов.
Оның айтуынша, айналасындағы кейбір адамдар Алпамыстың әнші арқылы танымал болғысы келетінін айтып, Димашқа жамандаған. Шаримов мұндай әңгімелердің арадағы қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Кейін әншінің әкесі Қанат Айтбаев ұйымдастыру жұмыстарын өз қолына алып, Алпамыс біртіндеп тасада қалған. Дегенмен ол өткен күндеріне өкінбейтінін, өзінің отбасы мен қызметі бар екенін жеткізді. Достықтары бұрынғыдай болмаса да, Шаримов әншінің шығармашылығын бағалайтынын және оған жанкүйер болып қала беретінін айтты.
2. Дильназ Ахмадиева мен Мақпал Исабекова

Қазақ эстрадасының танымал әншілері Дильназ Ахмадиева мен Мақпал Исабекова бір кездері жақын құрбы болған. Алайда уақыт өте келе қос әншінің арасы алыстаған. 2024 жылдың ақпанында Дильназ Ахмадиева журналист Тимур Балымбетовке берген сұхбатында бұрынғы құрбысымен қарым-қатынасы туралы сөз қозғады. Сол кезде олардың араласпай кеткеніне төрт жылдай уақыт болғаны белгілі болды.
"Араласпай кеткенімізге төрт жыл болды. Біз енді жақын құрбы емеспіз. Солай болып қалды. Жолымыз бөлек екен", – деді әнші.
Ахмадиеваның айтуынша, екеуінің достыққа деген көзқарасы бір жерден шықпаған. Дегенмен ол Мақпалмен кездесіп қалса, амандасатынын және араларында үлкен жанжал болмағанын жеткізді. Сұхбат барысында өнер иесі соңғы жылдары айналасындағы жақын адамдарының азайғанын да жасырмады. Ол бұрынғы құрбыларынан көңілі қалып, алдау мен сатқындыққа тап болғанын айтқанымен, бұл әрекеттерді нақты Мақпал Исабековаға телімеді.
Осылайша әнші өмірінің белгілі бір кезеңінде жақын болған адамдарымен байланысын үзгенін ашық мойындады.
3. Баян Алагөзова мен Гүлнұр Мамасарипова

Белгілі продюсерлер Баян Алагөзова мен Гүлнұр Мамасарипованың достығы 2000 жылдары телеарнада жұмыс істеп жүрген кездерінен басталған. Екеуі еңбек жолындағы алғашқы жетістіктерін ғана емес, отбасылық қуаныштарын да бірге бөліскен. Тіпті қыздарының дүниеге келуі, мектепке баруы және алғашқы көлік сатып алған сәттері де Гүлнұрдың есінде қалған. Әртүрлі телеарналарда қызмет етсе де, олар бір-бірін іздеп, қиын сәттерде қолдау көрсетіп отырған.
Кейін Баян Алагөзова продюсерлікке бет бұрып, Гүлнұрды өзі ашқан журналға жұмысқа шақырған. Екеуі сегіз жылдай бірге еңбек еткенімен, уақыт өте келе ортақ жұмыста келіспеушілік туындап, Мамасарипова өз еркімен қызметінен кеткен. 2019 жылы "Если честно" бағдарламасына берген сұхбатында ол осы оқиғадан кейін күйзеліске түскенін жасырмады. Продюсердің айтуынша, Баянмен оңаша отырып сөйлесуге екі рет ұсыныс жасағанымен, бұл әрекетінен нәтиже шықпаған.
"Екеуміздің арамыздағы мәселеге көп адам килікпегенде достығымызды сақтап қалатын едік. Арадағы достықтың жоқ болып қалғаны өкінішті", – деді Мамасарипова.
Соған қарамастан Гүлнұр бұрынғы құрбысының адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалап, оны жаман адам деп санамайтынын жеткізді.
4. Қайрат Нұртас пен Олжас Абай

Бір кездері бірге ән айтып, той сахналарында өнер көрсеткен Қайрат Нұртас пен Олжас Абай да жақын араласқан. Олжас Қайратпен таныспай тұрып-ақ оның шығармашылығын жоғары бағалағанын айтады. Кейін достасқан қос өнер иесі "Тау адам" әнін жарыққа шығарып, бірнеше ортақ туынды дайындаған. Алайда уақыт өте келе олардың шығармашылық бағыттары екіге айырылған.
2024 жылы "The DS' Show" бағдарламасына берген сұхбатында Олжас Абай Қайратпен бұрынғыдай араласпайтынын айтты.
"Қазір дуэт айтпаймыз. Бағытымыз екі түрлі болғасын да араласпаймыз", – деді актер.
Оның айтуынша, эстрадада жүрген кезінде қомақты табыс тапқанымен, кино саласына деген қызығушылығы басым болған. Ол тойларда өнер көрсету мен түнгі жұмыс кестесі қалыпты өмір тәртібіне әсер ететінін жеткізді. Ал кино саласында тәртіп пен уақытты тиімді пайдалану маңызды екенін алға тартты.
Дегенмен Олжас Қайратты әлі де досы санайтынын айтқандықтан, олардың қарым-қатынасын үзілген достықтан гөрі шығармашылық жолдары екіге айырылған достық деуге болады.
5. Қалдыбек Құрманәлі мен Бекболат Тілеухан

Қазақ музыкасына өзіндік үлес қосқан композитор Қалдыбек Құрманәлі мен дәстүрлі әнші Бекболат Тілеухан да бір кездері дос болған. Алайда олардың бұрынғыдай араласпайтыны 2024 жылы белгілі болды. Қалдыбек Құрманәлі "Qasqa Jol" YouTube арнасына берген сұхбатында өнер иелерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы әңгімеледі. Сұхбат барысында көп әйел алу мәселесі көтеріліп, Бекболат Тілеуханның есімі аталды.
"Ол менің бұрынғы досым болған. Қазір араласпаймыз", – деді композитор.
Қалдыбек Құрманәлі көп әйел алуды қолдамайтынын айтып, бұрынғы досының осы мәселеге қатысты өмірлік ұстанымын сынға алды. Ол Бекболаттың жеке өміріндегі бірқатар жаңалықты әлеуметтік желіден білгенін жеткізді. Композитордың пікірінше, танымал тұлғалар қоғамға, әсіресе жас ұрпаққа үлгі көрсетуге тиіс.
Алайда ол Бекболатпен арадағы достықтың нақты қашан және қандай себеппен үзілгенін ашып айтпады. Сондықтан олардың өмірлік көзқарастарындағы айырмашылықты достықтың үзілуіне тікелей себеп болды деп кесіп айтуға негіз жоқ.
Өнер адамдарының достығына да уақыт өз сынағын қояды. Бірінің арасына бөгде адамдардың сөзі түссе, енді бірінің өмірлік көзқарасы өзгеріп, шығармашылық жолы екіге айырылған. Дегенмен араласпай кетудің бәрін бірдей араздыққа балауға болмайды. Кейбірі бұрынғы досына деген құрметін жоғалтпағанын айтса, енді бірі өткен күндерді өкінішпен еске алады.
Көпшілікке мінсіз көрінетін жұлдыздардың қарым-қатынасы да қарапайым адамдардың достығынан алыс емес. Өйткені достықты сақтап қалу үшін атақ пен абыройдан бұрын өзара сенім мен түсіністік қажет.