Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Медициналық туризм: Қазақстан шетелдік пациенттерге қандай мүмкіндік ұсынбақ?

Медициналық туризм: Қазақстан шетелдік пациенттерге қандай мүмкіндік ұсынбақ?
ашық дереккөз

Қазақстанда медициналық туризмге қатысушылардың құқықтары мен міндеттері алғаш рет заңнамалық тұрғыда бекітілмек. Бұл шетелдік пациенттерді отандық клиникаларға тартуға және медицина саласына қосымша инвестиция әкелуге бағытталған. Тиісті түзетулер денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізіліп, Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынылды, деп хабарлайды ult.kz.

Заң жобасында «медициналық туризм» және «медициналық турист» ұғымдарын заң жүзінде бекіту ұсынылған. Бұл бағытқа клиникалар, санаторийлер, ғылыми орталықтар, туристік және сақтандыру компаниялары қатыса алады.

Сонымен қатар медициналық ұйымдарға шетелдік пациенттерге қызмет көрсету және оларды сүйемелдеу жөніндегі арнайы бөлімшелер ашуға мүмкіндік берілмек. Ал жергілікті атқарушы органдар медициналық туризмді дамытуға жағдай жасауға жауапты болады.

Бұдан бөлек, медициналық сапарларды ұйымдастырушылардың жауапкершілігін бекіту көзделген. Бұл пациенттердің келісімшартта көрсетілген қызметтерді толық алуын қамтамасыз етуге тиіс.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи орталықтар, білікті мамандар мен қажетті технологиялар бар.

«Біздің міндетіміз – осы әлеуетті дамыту, отандық медицинаға деген сенімді нығайту және оның өсуіне қосымша мүмкіндіктер жасау. Бұл ретте қазақстандықтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігі сөзсіз басымдық болып қала береді», – деді ол.

Ведомствоның мәліметінше, шетелдік пациенттерді тарту клиникаларды жаңғыртуға, заманауи технологияларды енгізуге және дәрігерлердің біліктілігін арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ бұл өзгерістер Қазақстан азаматтарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.