Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа қатысты іс бойынша сот процесі барысында айыпталушының тапсырысы және қаражаты есебінен жеке сараптама жүргізген маманнан жауап алынды. Мемлекеттік айыптау тарапының сұрақтарына жауап берген сарапшы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты айыптау ұстанымының өзегі саналатын бірқатар маңызды мән-жайды іс жүзінде растады, деп хабарлайды ult.kz.
274-бап бойынша Боқаевқа тағылып отырған айып блогердің Алматы қаласындағы бюджет қаражатының жұмсалуын сынаған бірнеше бейнеролигін қамтиды. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл жарияланымдарда орындалған жұмыстардың нақты көлемі мен сметалық шығындар әдейі бұрмаланып көрсетіліп, соның салдарынан аудитория арасында жасанды наразылық туындаған. Соттағы жауап алу барысында екі нақты эпизод талқыланды.
Бірінші эпизод Алматы қаласындағы жерасты өткелдерін жөндеуге арналған бюджеттік бағдарламаға қатысты болды. Өз бейнеролигінде Боқаев бірден бірнеше нысанға бөлінген жалпы қаражат көлемін небәрі екі жерасты өткелін жөндеуге жұмсалған шығын ретінде көрсеткен. Прокурордың сұрақтарына жауап берген жеке сарапшы мұндай фактілерді алмастырып көрсету көрермендерде бюджет шығындарының нақты көлемі туралы бұрмаланған түсінік қалыптастыруы мүмкін екенін айтты. Бұған дейін, яғни 11 қарашада өткен сот отырысында осы эпизод бойынша Боқаевтың мәлімдемелерін куәгер Бибек Жүнісов тиісті құжаттармен теріске шығарған болатын.
2025 жылғы қарашада «Атакент» көрме орталығының аумағын кешенді абаттандыру жобасына бюджеттен шамамен 10,3 млрд теңге қарастырылған. Алайда Боқаев өз жарияланымдарында жекеменшік аумақтағы жарықтандыру жүйесін ауыстыруға ғана негізсіз түрде 10 млрд теңге бөлінгенін көрсетіп, жоспарланған абаттандыру жұмыстарының толық көлемі туралы айтпаған. Сотта сарапшы мұндай ақпарат беру тәсілі аудиторияда мемлекеттік қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны туралы түсінік қалыптастырғанын растады.
Осылайша бейнематериалдардың мазмұны мен мағынасына қатысты қорғау тарапы тартқан маманның қорытындылары ақпараттың қоғамды жаңылыстырып, мемлекеттік органдардың жұмысына теріс көзқарас қалыптастыруға бағытталған пікірді бұрмалау тәсілімен ұсынылғаны туралы айыптау нұсқасымен сәйкес келді. Сонымен бірге кезекті отырыста көрінеу жалған екенін біле тұра фейк мәліметтердің таратылғанына, сондай-ақ мұндай әрекеттің астарында қасақана ниет болған-болмағанын анықтау тек соттың құзыретіне жататынына ерекше мән берілді.
Қорғау тарапы тартқан тағы бір маманнан – Боқаевпен үлестес компаниялардың мәмілелерін тексерген аудитордан жауап алу кезінде судья адвокаттарға сот процесін созбалаңға салмау жөнінде бірнеше рет ескерту жасады. Судья Жанат Әбенова сот отырыстары басталғанға дейін қорғаушыларға өз клиенттерімен жүздесуге бірнеше рет уақыт бөлгеніне қарамастан, адвокаттар бұл мүмкіндікті пайдаланбай, оның орнына баспасөз өкілдерімен жұмыс істеп, сот залында бір сұрақты әртүрлі нұсқада қайталай беруді жөн көрген.
Нақты бухгалтерлік құжаттарды талдаудың орнына адвокаттар мен аудитор кәсіпкерлік пен бухгалтерлік есептің жалпы қағидаларын талқылап, биодәретханалар, мейрамханалар, қонақүйлер, концерттер мен тамақтану қызметтеріне қатысты шартты тұрмыстық мысалдар келтірді. Қорғау тарапы осындай болжамды мысалдарды келтіре отырып, үнемдеудің немесе қызмет түрін ауыстырудың арқасында артық пайдаға қол жеткізілгенін негіздеуге тырысты. Сондай-ақ, олар тапсырыс берушінің кейін еш шағым түсірмей, жұмыс актілеріне қол қоюы кез келген ауытқуларға қатысты күмәнді сейілтетінін дәлелдеумен болды.
Алайда соңында аудитордың өзі қажетті құжаттардың, соның ішінде тапсырыс беруші тараптың құжаттарының болмауына байланысты тапсырманы орындау және нақты сомаларды анықтау мүмкін болмағанын мойындады. Ол қызметтердің нақты өзіндік құнын, пайда мөлшерін анықтай алмады және олардың шын мәнінде көрсетілгенін растай алмады. Сонымен бірге ол бекітілген сметадан шамамен 50 пайызға ауытқуға жол беруге бола ма деген сұраққа нақты жауап бере алмады. Бұдан бөлек, тергеу анықтаған болжамды жымқыру сомасына күмән келтіретін балама есептеулер де ұсынылмады.