Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

«Шу көтермеңіз»: Боқаев Хамракуловтың адвокатына қандай нұсқау берді?

«Шу көтермеңіз»: Боқаев Хамракуловтың адвокатына қандай нұсқау берді?
ашық дереккөз

Алматыда Санжар Боқаев пен қылмыстық іс бойынша өзге де фигуранттарға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Оларға алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ұрлық жасау, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату айыптары тағылған, деп хабарлайды ult.kz. 

Кезекті сот отырысында мемлекеттік айыптау тарапы заттай дәлелдемелерді жариялады. Атап айтқанда, сотқа Боқаевтың Д. Ахметовпен өзара алмасқан хаттары ұсынылды. Ахметов бұған дейін Баум тоғайындағы ағаштарды кесу ісі бойынша Ақылбек Хамракуловтың адвокаты болған. 

Сот отырысында 2026 жылғы 25 қаңтардағы хат алмасу өзіне ерекше назар аудартты. Онда Боқаев Ахметовпен Хамракулов, Раз және Артықбаевқа қатысты алдағы сот процесін талқылаған. 

Еске салсақ, бұған дейін Раз бен Артықбаев сотта плиталарды ұрлау үшін өздерін Хамракулов жалдағанын және сол үшін ақша төлегенін мәлімдеген еді. Ал Хамракуловтың өзі айыптау тарапының куәгерлері тізімінен шығарылған болатын. Себебі сотта оның Боқаевтың туыстарымен және қорғаушыларымен процессуалдық тәртіптен тыс байланыстары көрсетілген еді. 

Жарияланған хат алмасудан белгілі болғандай, Боқаев жоғары лауазымды таныстарына сүйене отырып, іс фигуранттарына шартты жаза беріледі деп сендірген. Сонымен қатар ол шу көтермеуді, құқық қорғаушыларды іске араластырмауды және ешқандай шара қолданбауды сұраған. 

Сол хат алмасу барысында Ахметов Боқаевқа Хамракуловтың полиция қызметкерлері тарапынан қысым көріп жүргені туралы мәлімдемесі жазылған бейнежазбаны жолдаған. Боқаев видеоны жарияламауды өтініп, оны кейінірек пайдаланатынын айтқан. Алайда кейін Хамракулов бұл бейнежазбадағы мәлімдемесін жоққа шығарып, оны адвокаттың өтініші бойынша түсіргенін мәлімдеген. 

Хат-хабардағы қаржылық мәселелерге назардан тыс қалмады. Тергеу кезеңінің өзінде Боқаев Ахметов арқылы Хамракуловқа ақша беріп отырған. Сонымен бірге одан ешкіммен сөйлеспей, ештеңені жарияламай, тіс жармауды талап еткен.

«Ол уайымдамасын, ешкіммен сөйлеспесін, оған ақшаны жеткізіп береді, үндемесін, ешкімге ештеңе айтпасын», – деді Боқаев адвокатпен әңгіме барысында. 

Прокурорлардың пікірінше, бұл деректер Боқаевтың Хамракуловпен байланысы болғанын растайды. Ал айыпталушы Нүсіпқожаның, сондай-ақ куәгерлер Раз бен Артықбаевтың айғақтарына сәйкес, плиталарды ұрлау мен Баум тоғайындағы ағаштарды кесуді ұйымдастырған негізгі тұлға Хамракулов болған. 

Бұған дейін сотта Боқаевтың Хамракуловпен өзара алмасқан хаттары да зерттелген еді. Онда ақша аударымдары туралы әңгімелер, сондай-ақ ұрланған плиталардың сапасына қатысты Боқаевтың наразылығы көрініс тапқан. 

Сот отырысындағы айтарлықтай жайттардың бірі – қорғау тарапының іс материалдарына «алтын дәлел» деп аталған флеш-картаны тіркеу туралы өтінішхаты болды. Адвокат Мусина бұл материалды қорғау тарапы соңғы сәтке дейін құпия сақтап келгенін және оны сот тергеуінің аяқталуына таяған кезде ғана жариялауды ұйғарғанын атап өтті. 

Алайда флеш-картаның мазмұны зерттелгеннен кейін жауаптан гөрі сұрақ көбейе түсті. 

Онда Ахметовтің өтініші бойынша түсірілген Хамракуловтың полиция тарапынан қысым көрсетілгені туралы мәлімдемесі жазылған бейнежазба, сондай-ақ қорғау тарапы қысым көрсету фактісін растауы тиіс деп есептеген телефон арқылы сөйлесудің видеожазбасы болған.

Сот отырысының шарықтау шегі мемлекеттік айыптаушының екінші бейнежазбаға қатысты реакциясы болды. Кадрларда адвокат Ахметовтің біреудің нөмірін теріп, телефон арқылы сабырлы түрде сөйлесіп отырғаны көрінеді. Алайда телефонмен сөйлескен адам өзін полиция қызметкерімін деп таныстырмаған. Прокурор әңгіме барысында қандай да бір қысым көрсету белгілері байқалмағанын ерекше атап өтті. 

Боқаевтың адвокаттары «алтын дәлелдің» нақты мәні неде екенін түсіндіріп бере алмады. Туындаған сауалдарға жауап берудің орнына қорғау тарапы соттан үзіліс жариялауды сұрады. 

Осылайша, көптен күткен «алтын дәлелді» талқылау сот отырысындағы үзіліспен аяқталды.