Өскеменде 26 жастағы жігіт танысының пәтер сатудан түскен 8 миллион теңгесін ұрлады деген күдікке ілінді. Ол бұған дейін жәбірленушіге баспана сатып алушыны табуға көмектескен, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, оқиға 48 жастағы қала тұрғыны пәтерін сатып, қолына 8 миллион теңге алғаннан кейін болған. Жәбірленуші ақшасын қараусыз қалдырған сәтті пайдаланған күдікті бүкіл соманы иемденіп кеткен.
Қаражатының жоғалғанын байқаған азамат полицияға арызданған. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері азаматтарды ірі көлемдегі қаржылық операциялар кезінде барынша сақ болуға шақырады. Әсіресе жылжымайтын мүлікті сату кезінде есеп айырысу тәртібін алдын ала белгілеп, ақшаны қараусыз қалдырмау қажет.