Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Тоқаевқа үндеу жасады

Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Тоқаевқа үндеу жасады
видеодан скриншот

«ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Капенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, өзіне қатысты қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беруді сұрады, деп хабарлайды ult.kz.

Капеновтің үндеу жасауына «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталғаны себеп болған. Оның пікірінше, қазіргі тергеу өзіне қатысты қылмыстық істі ұйымдастырды деп есептейтін адамдарға жақындай түскен.

«Тергеу менің заңсыз, қолдан ұйымдастырылған қылмыстық ісіме тапсырыс берген адамдарға өте жақындады», – деді ол.

Бұрынғы топ-менеджер тергеу материалдарын ҚМА-дан ҰҚК-ге беруді сұраған. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне көбірек сенетінін және оларды сыбайлас жемқорлыққа азырақ бейім деп санайтынын айтты.

Сонымен қатар Капенов мемлекеттік аудиторлық сараптама тағайындауды талап етті. Оның сөзінше, бұл тексеріс мемлекетке ешқандай шығын келтірмегенін дәлелдеуі керек.

«Мен ҚМА тергеушісі айтып жүргендей, Қазақстанға зиян келтірген жоқпын», – деп мәлімдеді ол.

Сондай-ақ ол ҚМА-ның жекелеген қызметкерлерін, көлік прокуратурасы өкілдері мен судьяларды сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыптады. Бұған қоса, рейдерлік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғауды талап етіп, Президентке жүзден астам хат жолдағанын, алайда олардың мемлекет басшысына жеткеніне күмәнданатынын жеткізді.

Азамат Капеновке қандай айып тағылған?

Қаржылық мониторинг агенттігі «ҚазТемірТранс» АҚ бұрынғы вице-президентіне қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қаражат жымқыру күдігі бойынша қылмыстық іс тергеп жатыр.

Тергеу нұсқасы бойынша, Капенов қызметтік жағдайын пайдаланып, жүк вагондарын операторлық қызмет көрсету кезінде өзіне қатысы бар компанияларға заңсыз артықшылық берген. Соның салдарынан ұлттық компанияға 5,2 миллиард теңгеден астам шығын келгені айтылған.

Ол халықаралық іздеуге жарияланып, сот оны қамауға алу туралы сырттай санкция берген.

2026 жылғы сәуірде Астана соты Бас көлік прокуратурасының өтінішхаты бойынша «Достық» станциясындағы жүк терминалын мемлекет кірісіне қайтару туралы шешім шығарған. Құқық қорғау органдары бұл шешімді болжамды шығынды өтеу қажеттілігімен түсіндірген.

Қазақстаннан 500 миллион доллар талап етпек болған

Бұған дейін Азамат Капеновтің қорғаушылары халықаралық инвестициялық төрелік аясында Қазақстаннан шамамен 500 миллион доллар өндіріп алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.

Даулы мәселе Қытаймен шекарадағы «Достық» және «Алтынкөл» станцияларындағы теміржол терминалдарының, сондай-ақ жүк вагондары паркінің мемлекетке алынуына байланысты.

Адвокат Жанна Александрова Капеновтің 2017-2025 жылдар аралығында Eurotrans Grupp және Iron Box компаниялары арқылы көлік инфрақұрылымына шамамен 54 миллион доллар инвестиция салғанын айтқан.

Қорғау тарапы қаражат жымқыру дерегі болмағанын, ал құқық қорғау органдарының шағымы «ҚазТемірТранс» компаниясының есептелген 660 миллион теңге көлеміндегі жоғалған пайдасына қатысты екенін алға тартқан.

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына байланысты үндеу жасады

Айта кетейік, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, ҚТЖ басшысы Елжас Орыншиевті және өзге де тұлғаларды ұстаған. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.

14 қарашада сот Нұрлан Жақыпов пен Елжас Орыншиевті қамауға алуға санкция берген.

Азамат Капенов осы оқиғалардан кейін өзіне қатысты істің қайта қаралуына үміт артып отыр. Алайда оның ісі мен ұсталған ҚТЖ және «Самұрық-Қазына» басшыларына қатысты тергеудің арасында байланыс бары туралы ресми ақпарат жоқ.

Айта кетейік, Азамат Капенов – ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы.