Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Болат Назарбаевпен байланысты тағы бір зауыт сатылымға шығарылды

Болат Назарбаевпен байланысты тағы бір зауыт сатылымға шығарылды
e-Qazyna.kz

Алматы облысының Панфилов ауылында Болат Назарбаевқа тиесілі болған бұрынғы ликер-арақ зауыты аукцион арқылы сатылмақ. Кәсіпорын бұған дейін мемлекет меншігіне қайтарылған. Енді оны сатудан түскен қаражат бюджетке түседі, деп хабарлайды ult.kz.

Зауытты «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС саудаға шығарған. Кәсіпорынның бастапқы бағасы қосылған құн салығын есептемегенде 431,6 млн теңге болып белгіленген. ҚҚС-ты қоса есептегенде, сатып алушы кемінде 500 млн теңге төлеуі тиіс. Алайда аукцион қорытындысы бойынша түпкілікті баға өзгеруі мүмкін.

Лот құрамына жалпы ауданы 6109,7 шаршы метрді құрайтын өндірістік және қосалқы ғимараттар, сондай-ақ жалпы аумағы 3,0331 гектар болатын үш жер учаскесі кіреді.

Сатылымға қойылған нысандардың қатарында шарап зауыты, қазандық, спирт қоймасы, шарап жертөлесі, зертхана, әкімшілік-тұрмыстық корпус, қоймалар мен өндірістік цехтар бар. Кәсіпорын Алматы облысы, Панфилов ауылы, Хантау көшесі, 17 мекенжайында орналасқан.

Ашық деректерге сәйкес, зауыт алғашында «BAKX» ЖШС атауымен жұмыс істеген. 2010 жылы Болат Назарбаев кәсіпорынның құрылтайшысы атанып, сол жылдың сәуірінде компания «БН ликер-арақ зауыты» ЖШС болып қайта тіркелген. «БН» инициалдары оның атымен байланысты өзге де компаниялардың атауларында кездескен.

2016 жылғы шілдеде Ғабит Төлтаев кәсіпорынның құрылтайшысы болды. Ал 2018 жылдың қазанында зауыттың атауы «Талғар ликер-арақ зауыты» ЖШС болып өзгертілді. Осылайша, компания атауынан «БН» инициалдары алынып тасталды.

Жылжымайтын мүлік тізіліміндегі мәліметтерге сәйкес, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» зауытты 2024 жылғы 26 тамыздағы меншікке беру туралы шарт негізінде алған. Мемлекеттік тіркеу 3 қыркүйекте жүргізілген.