Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанда ипотеканың бастапқы жарнасын алып тастау ұсынылды

Қазақстанда ипотеканың бастапқы жарнасын алып тастау ұсынылды
Ашық дереккөзден

Қазақстанда ипотека рәсімдеу кезінде бастапқы жарна төлеу талабын алып тастау ұсынылды. Мамандардың пікірінше, тұрақты табысы бар азаматтар баспана ақысын төлей алады, бірақ бірнеше миллион теңге жинау бәрінің қолынан келмейді. Алайда сарапшылар мұндай өзгеріс халықтың қарыз жүктемесін арттырып, үй бағасын қымбаттатуы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды ult.kz.

«Информбюро» бағдарламасының мәліметінше, жылжымайтын мүлік сарапшысы Имран Османов банктер несие берерде әр адамның қаржылық жағдайын жеке бағалауы керек деп есептейді. Оның айтуынша, бастапқы жарна жинаған адамның өзі ипотеканы 20 жыл бойы төлейтініне кепілдік жоқ.

Ал сарапшы Александр Пак бастапқы жарнаны алып тастау ипотеканы арзандатпайтынын айтады. Керісінше, қарыз көлемі ұлғайып, азаматтардың қаржылық салмағы артады.

R-FINANCE қаржы кеңесшісі Арман Байғанов та бастапқы жарнаның сақталуын қолдайды. Оның пікірінше, бұл банктің тәуекелін азайтып, қарыз алушының жауапкершілігін күшейтеді.

Сарапшылар бастапқы жарнаны біржола алып тастағаннан гөрі, тұрақты табысы мен жақсы несие тарихы бар азаматтарға ипотека талаптарын жеңілдетуді ұсынады.