Қостанай облысының Ақкөл ауылында қасқыр күндіз елді мекенге кіріп, ер адамға тап берген. Көмекке келген көршілері жыртқышты өлтіріп, зардап шеккен азаматты ауруханаға жеткізген, деп хабарлайды ult.kz.
Almaty.tv арнасының мәліметінше, мамандар қасқырдың құтырма ауруына шалдыққан-шалдықпағанын анықтай алмай отыр. Себебі зерттеуге қажетті ми үлгісі зақымданған.
Қасқырдың өлексесі өртеліп, аумақ залалсыздандырылған. Ал 1978 жылы туған ер адам Арқалық өңірлік ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
Биолог Андрей Андрющенко жыртқыштың құтырған болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, қалыпты жағдайда қасқыр адамға шабуыл жасамайды.
Айта кетейік, биыл Қостанай облысында 108 қасқырды атуға рұқсат берілген.