Қазақстанда үш ай ішінде есірткі жеткізудің 19 арнасы жойылып, бес жасырын зертхананың жұмысы тоқтатылды. Заңсыз есірткі айналымына қатысы бар деген күдікпен 45 адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 2026 жылғы тамыз-қазан айлары аралығында есірткі жеткізудің 8 халықаралық және 11 өңірлік арнасының жолы кесілген. Сонымен қатар шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен бірлесіп, есірткіге қарсы 8 халықаралық операция жүргізілген.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде 1,3 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 11,1 келі апиын, 14,2 келі гашиш, 404,6 келі марихуана, 320,6 келі сора бұталары және 18,4 келі синтетикалық есірткі бар.
Бұдан бөлек, 525 келі синтетикалық опиоид, күшті әсер ететін заттардың 2 650 таблеткасы және 2,6 тонна прекурсор тәркіленген.
Аталған қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен Қазақстанның 40 азаматы мен 5 шетелдік ұсталды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.