Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанда киік етін өңдеу көлемі сұраныстың аздығынан қысқарды

Қазақстанда киік етін өңдеу көлемі сұраныстың аздығынан қысқарды
ашық дереккөз

Қазақстанда киік етін өңдеу ісі әзірге кең таралмай отыр. Ішкі нарықта өнімге сұраныс төмен болғандықтан, кейбір кәсіпорындар өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Вице-министрдің айтуынша, былтыр Ауыл шаруашылығы және Экология министрліктері киік етін өңдеу бағытында бірлескен жұмысты бастаған. Бұл іске ірі кәсіпорындар да тартылған.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Кублей» компаниясы былтыр киік етін өңдеп, дайын өнімді ішкі нарықта сата бастаған. Алайда биыл сұраныстың төмендеуіне байланысты кәсіпорын өндіріс көлемін қысқартқан.

«Ішкі нарықтағы сұранысқа қатысты мәселе бар. Сондықтан биыл олар сұраныстың азаюына байланысты өңдеу көлемін төмендетті. Қазір Ұлытау облысында киік етін өңдейтін бір кәсіпорын жұмыс істеп жатыр», – деді Назгүл Хатепова Құрылтайдағы брифингте.

Журналистер өзге өңірлерде де киік етін өңдеу өндірісін дамыту жоспары бар-жоғын сұрады. Вице-министр бұл мәселе ең алдымен өнімге деген сұранысқа байланысты екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда киік санын реттеу тәсілін қайта қарау ұсынылған болатын.