Танымал әнші Ерке Есмахан Мәдина Ералиеваның “Наз” әнін жаңаша орындап, бейнебаян ұсынды. Алайда өнер иесінің жаңа туындысына дизайнер Ханым Айдаш реніш білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Ерке Есмахан бейнебаянда Мәдина Ералиеваның кезінде көрерменге ұсынған сахналық образын қайта жаңғыртқан. Әнші киім үлгісі мен сыртқы келбеті арқылы марқұм өнер иесінің бейнесін жеткізуге тырысқан.
Алайда белгілі дизайнер Ханым Айдаш әншінің осы образды жасауға негіз болған автордың есімін атамағанына көңілі толмайтынын жеткізді.
Дизайнердің пікірінше, бұрынғы шығармашылық туындыны қайта жаңғырту кезінде оның бастапқы авторын атап өту – өнер адамының еңбегіне көрсетілген құрмет.
Осылайша, Ерке Есмаханның қазақ эстрадасының көрнекті өкілі Мәдина Ералиеваның шығармашылығына арналған бейнебаяны авторлық еңбек пен өнердегі сабақтастық мәселесін де көтерді.
Ерке Есмахан кім?
Ерке Әбдірашқызы Есмахан – қазақ эстрадасының танымал әншісі, актриса. 1984 жылы 30 қарашада Ақтөбе облысының Ырғыз ауылында дүниеге келген.

Бала кезінен музыкаға қызығып, домбыра, қобыз және фортепианода ойнауды үйренген. 2009 жылы “Іңкәр” тобының құрамында өнер көрсете бастады. 2015 жылдан бастап жеке шығармашылығына ден қойды.
Төреғали Төреәлімен бірге орындаған “Алло” әні арқылы кеңінен танылды. Кейін “Қайда?”, “KZ жігіт”, “Аэропорт”, “1001 күн”, “Еркелей берем” секілді әндері тыңдарман арасында танымал болды.

2018 жылы “Махаббат кафесі” фильмінде басты рөлді сомдады.
2023 жылы RaiM сахналық есімімен танылған әнші Райымбек Бақтыгереевке тұрмысқа шықты. Ерке Есмахан – үш ұлдың анасы. Балаларының есімдері – Мүслім, Ислам және Батыр.