Жамбыл облысында Күйік асуындағы жол жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттың негізсіз қымбаттатылғаны анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін бюджетке 191,3 миллион теңге қайтарылды, деп хабарлайды ult.kz.
Жамбыл көлік прокуратурасы «Ташкент – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас» тас жолының Күйік асуы арқылы өтетін учаскесін жөндеу кезінде заңбұзушылықтарды анықтаған.
Тексеру барысында жол жамылғысын нығайтуға арналған геотордың бағасы негізсіз көтерілгені белгілі болды. Норматив бойынша оның бір шаршы метрі 2 579 теңге тұруы керек болса, сметаға 3 544 теңгеден енгізілген.
Осының салдарынан жөндеу жұмыстарының құны 185,9 миллион теңгеге артық есептелген.
Прокуратураның араласуынан кейін қосылған құн салығын қоса есептегенде, бюджетке 191,3 миллион теңге қайтарылды.
Қазір жол жөндеу жұмыстарының заңдылығы мен сапасы прокуратураның бақылауында.