Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

UFC Қазақстанға келеді: турнир Алматыда өтеді деген болжам бар

UFC Қазақстанға келеді: турнир Алматыда өтеді деген болжам бар
ашық дереккөз

Әлемдегі ең ірі аралас жекпе-жек ұйымы UFC Қазақстанда алғаш рет турнир өткізуді жоспарлап отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, жарыс 2027 жылғы 1 мамырда Алматыда өтуі мүмкін, деп хабарлайды ult.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Ресейлік ақпарат агенттігінің жағдайдан хабардар дереккөзінің мәліметінше, UFC 2027 жылы Қазақстан мен Әзербайжанда турнир ұйымдастыруды көздеп отыр.

«2027 жылы Алматы мен Бакуде турнирлер өтеді. Бұл туралы кейін ресми түрде жарияланады», – деген дереккөз.

Алматыдағы жарыс 2027 жылғы 1 мамырға жоспарланған. Егер бұл жоспар жүзеге асса, Қазақстан UFC турнирін алғаш рет қабылдайды.

Бұған дейін Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов UFC басшылығымен 2027–2028 жылдары елімізде турнир өткізу жөнінде келіссөздер жүріп жатқанын растаған еді. Оның айтуынша, жыл басынан бері ұйым өкілдерімен бірнеше жұмыс кездесуі өткен.

Бұған дейін жарысты өткізуге Алматыдағы «Алматы Арена» мен Астанадағы «Барыс Арена» ықтимал алаң ретінде аталған. Алайда турнир өтетін нақты орын әзірге ресми жарияланған жоқ.

Еске салайық, 2026 жылғы шілдеде UFC президенті Дана Уайт Қазақстанға турнир әкелуге уәде берген болатын.